Жамбыл облысында 10-сынып оқушысы соққыдан көз жұмды

0
144

15 жастағы жасөспірім өткен жұма күні кешке қайтыс болған.


Жамбыл облысында 10-сынып оқушысы соққыдан көз жұмды

Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында оныншы сынып оқушысын өзінен үлкен жігіт ұрған. Жасөспірім сол жерде құлап, қайтадан тұрмаған. Қазір осы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп жазады zakon.kz.

Оқиға болған Ботамойнақ ауылында тұрғындар жасөспірімдер арасында әлімжеттік бар екенін айтып отыр. Марқұмның туыстары осыған сенімді.

15 жастағы жасөспірім өткен жұма күні кешке қайтыс болған. Жасөспірім футбол алаңына барып, сол жерде соққыға жығылған.

"Мен жүгіріп келгенде, балам дәл осы жерде жатты. Басы шалқалап кеткен. Денесі әлі жылы болды. Оны көтеріп, есін жиғызуға тырыстым. Кейін жедел жәрдем келіп, "Бәрі бітті" деді", – деп еске алды марқұмның әкесі.

Ол ұлының жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктің құрбаны болғанын айтады. Ер адамның сөзінше, бұған дейін ауыл балалары төбелеспейтін. Алайда сол күні тағы бірнеше бала зардап шеккен.

Ауыл тұрғындары да мұны растайды, алайда ашық айтуға қорқады. Олардың айтуынша, оқушы қаза болған жерде жастар жиі жиналады. Бұл жерде үлкендер кішілерді тәрбиелейді деген болжам бар. Дәл осы жерде Миятбек Ерсейіт кеуде тұсынан соққы алып, бірден есінен айырылған.

"Бәрін бірінен соң бірін ұрған, бірақ олар құлаған жоқ. Менің балам ең соңында тұрды. Ол телефонына қарап, өзімен-өзі тұрған. Өзі арық, бойы ұзын, денесі сымбатты бала еді. Соққыдан құлаған кезде олар жай ғана есінен танып қалды деп ойлаған. Отырғызуға, көтеруге тырысқан. Кейін оны жарық жерге шығарып, жедел жәрдем шақырған да, қашып кеткен", – деді марқұмның әкесі Ертай Қонысбаев.

Марқұмның туыстары айтқан бұл мәліметтерді ресми органдар әзірге растаған жоқ. Білім бөлімінің өкілдері оқиғаның сабақтан тыс уақытта болғанын ғана нақтылады.

"Біз жасөспірімдермен де, ата-аналармен де профилактикалық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта таңертең және кешкі уақытта рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Ата-аналар жиналысын ұйымдастырып, балалармен сынып сағаттарында әңгімелестік. Бұл жұмыс сынып жетекшілерімен, полиция қызметкерлерімен, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлармен тұрақты түрде жүргізіледі", – деді Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы Құралай Өскембекова.

Марқұм мен оған шабуыл жасаған жасөспірім бір-бірін бұрыннан танығаны белгілі болды. Олар бір лицейде оқыған, ал отбасылары көрші тұрған.

Миятбекті бүкіл ауыл болып жерледі. Кейін оның үйіне ауыл ақсақалдары келе бастаған.

Марқұмның анасы Айгүл Абзалиеваның айтуынша, баланы жерлегеннен кейін шабуыл жасаған жасөспірімнің туыстары олардың үйіне келген.

"Бәрі кешірім сұрады. Біз оларды кешірдік. Ол жақсы бала еді, бір мектепте оқыдық. Бізді көрген сайын амандасатын. Әкесі де бізге келіп, кешірім сұрады. Біз кешірдік, енді не істейміз?..", – деді әйел.

Марқұмның ата-анасы кешіргенімен, 16 жастағы жасөспірім қазір тергеу изоляторында отыр. Полиция "Абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.