Алматы облысында жалпы құны 19,3 млрд теңгені құрайтын екі агрожоба жүзеге асырылуда

0
130

Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту, отандық өндіріс көлемін ұлғайту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және тасымалдау инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.


Алматы облысында жалпы құны 19,3 млрд теңгені құрайтын екі агрожоба жүзеге асырылуда

фото: gov.kz.

ERNUR.KZ. Осы ретте Алматы облысында жалпы құны 19,3 млрд теңгелік екі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыттарын – көкөніс өндіруді, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған заманауи қуаттарды қалыптастыруды және астық логистикасын дамытуды қамтиды. Кәсіпорындардың іске қосылуы өңірдің азық-түлік инфрақұрылымын нығайтып, отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.


Ірі жобалардың бірі ретінде құны 17,3 млрд теңгені құрайтын ALATAU GREEN PRODUCTION заманауи жылыжай кешенінің құрылысын айтуға болады. Кешен жылына 4 мың тоннаға дейін көкөніс өндіруге қауқарлы болады.

Жоба 16 гектар аумақты қамтиды. Мұнда әрқайсысының аумағы 4 гектар болатын қысқы және жазғы жылыжайлар, сондай-ақ көшет өсіруге және салат өнімдерін өндіруге арналған мамандандырылған бөлімшелер салу көзделген.

Жобаның маңызды құрамдас бөлігінің бірі – өнім сақтауға арналған жеке инфрақұрылым. Кешен аумағында жалпы ауданы 9 177 шаршы метр болатын қойма нысаны салынады. Ол 6 мың тоннаға дейін көкөністі ұзақ мерзімге және 720 тоннаға дейін жеміс-жидекті қысқа мерзімге сақтауға арналған. Бұл өнім сапасын сақтауға, сақтау кезіндегі шығынды азайтуға және жыл бойы нарыққа өнімді тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді.


Қазіргі уақытта нысан құрылысының 80 пайызға жуығы аяқталған. Аумағы 4 гектар болатын шыны жылыжайлар тұрғызылып, жерасты инженерлік коммуникацияларын тарту жұмыстары жалғасуда. Кешенді келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Құны 2 млрд теңгені құрайтын екінші жоба «Қайрат» индустриялық аймағында жүзеге асырылуда. Мұнда «СТРОЙИНВЕСТ – TS» серіктестігі астық өнімдерін қабылдауға, сақтауға және тасымалдауға арналған көпфункционалды өндірістік-логистикалық кешен салуда.

Жобаны іске асыру үшін 18,45 гектар жер учаскесі бөлінген. Мұнда жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна болатын астық қоймаларын салу көзделген. Кешеннің жылдық жөнелту қуаты 200 мың тоннаға дейін жетеді. Бұл өңірдің астықты ауыстырып тиеу және тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.


Қазіргі уақытта теміржол инфрақұрылымының құрылысы толық аяқталған, газ желілерін тарту жұмыстары соңғы кезеңге жетті. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары да аяқталуға жақын.