Екі күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған.
Фото: Lada.kz
ERNUR.KZ. Заңгер Ажар Абдил ақтаулық Александр Насибаридің өліміне қатысты күдіктілердің қайда жүргені туралы ақпарат бергендерге 2 миллион теңге жеке сыйақы беретінін мәлімдеді, деп жазады stan.kz.
Александр Насибари 24 қарашада үйінен шығып, хабарсыз кеткен. 8 желтоқсан күні Маңғыстау облысындағы радон бұлағы аймағында оның мәйіті табылды.
“Мәйітте зорлық іздері бар. Ал екі күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды”, – деп мәлімдеді өңірлік полиция.
Заңгер Ажар Абдилдің айтуынша, тергеу мәліметтеріне сәйкес кісі өлтіруден кейін күдіктілер Ресейге шығып, одан кейін Әзербайжан арқылы Түркияға кетуі мүмкін.
“Олардың орналасқан жерін анықтауға және ұстауға көмектесетін ақпарат үшін 2 000 000 теңге жеке сыйақы беремін. Заң аясында анонимдік сақталады”, – деп атап өтті заңгер.

Фото: facebook.com/Ажар Абдил
Ол қылмысқа қатысы бар күдіктілерді көргендерге, олармен қылмыстан кейін сөйлескендерге немесе жасырынуға әрекет жасағандары туралы білетін адамдарға қылмыскерлерді жасыру немесе жалған ақпарат берудің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, екі күдіктіге ресми түрде халықаралық іздеу жарияланды. Қазақстандық құқық қорғау органдары ресейлік әріптестерімен және халықаралық арналар арқылы іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
“Күдіктілерге көмек көрсеткендер, атап айтқанда ақша беріп, көлік, баспана ұсынғандар немесе жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жауапкершілікке тартылады. Тергеуге көмектесетін кез келген ақпаратты хабарлауды сұраймыз”, – деп үндеу тастады ведомство.


