ТЖМ iPhone және қытайлық смартфон иелеріне ескерту жасады

0
87

Аталған құрылғыларда Cell Broadcast хабарламаларын қабылдау баптаулары шектеулі болуы, мүлде болмауы немесе дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін.


ТЖМ iPhone және қытайлық смартфон иелеріне ескерту жасады

ЖИ арқылы жасалған

ERNUR.KZ. Қазақстан ТЖМ Қытайда жасалған смартфондар мен кейбір iPhone иелеріне ескерту жасады. Олардың иелері қажет болған жағдайда төтенше жағдай туралы хабарлама алмай қалуы мүмкін, деп жазады tengrinews.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігі Cell Broadcast технологиясын қолдана отырып, халықты мобильді құрылғылар арқылы жедел құлақтандыру жүйесін енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жүйені еліміздің барлық аумағында кезең кезеңімен енгізу мақсатында сейсмикалық белсенді 11 өңір анықталды. Қазіргі уақытта "Mass Alert" ақпараттық жүйесіне Алматы, Шымкент, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары қосылған.

"Жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығымен бірлесіп, қытайлық кейбір мобильді құрылғыларда (Huawei, Xiaomi және т.б.) Cell Broadcast арқылы жедел құлақтандыру қызметі операциялық жүйе баптауларында әдепкі қалпында өшіріліп тұрғаны анықталды. Соның салдарынан мұндай құрылғылардың иелері "Mass Alert" ақпараттық жүйесі арқылы жіберілетін төтенше хабарламаларды алмауы мүмкін", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, төтенше хабарламаларды алмау қаупі мына жағдайларда сақталады:

  • IOS 18 нұсқасынан төмен операциялық жүйесі бар iPhone құрылғыларында;
  • Қазақстан Республикасының аумағына ресми сертификаттаусыз басқа елдерден әкелінген мобильді телефондарда;
  • Қазақстан Республикасындағы ұялы байланыс операторларының желілерінде тіркелмеген құрылғыларда;
  • Қазақстан Республикасында пайдалануға арналмаған, яғни "рұқсатсыз енгізілген" мобильді құрылғыларда.

Аталған құрылғыларда Cell Broadcast хабарламаларын қабылдау баптаулары шектеулі болуы, мүлде болмауы немесе дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл жағдай қауіп төнген кезде немесе төтенше жағдайлар туындағанда азаматтардың жедел ақпаратты уақытында алмауына әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты Министрлік азаматтарға мыналарды ұсынады:

  • мобильді телефонның баптауларында жедел хабарламалар (Cell Broadcast) функциясының бар-жоғын және қосулы тұрғанын тексеріңіз;
  • Қазақстан Республикасына ресми түрде әкелінген және тіркелген мобильді құрылғыларды пайдаланыңыз;
  • смартфонның операциялық жүйесін уақытылы соңғы нұсқаға дейін жаңартып отырыңыз.