Талғардағы автосалон алдында отбасылық жанжал шықты: араша түспек болған куәгердің жағы сынған

0
90

Әлеуметтік желілерде Талғарда болған қақтығыстың видеосы тарады.


Талғардағы автосалон алдында отбасылық жанжал шықты: араша түспек болған куәгердің жағы сынған

t.me/kozachkow бейнежазбасынан кадр

ERNUR.KZ. Оқиға кезінде әйелді арашаламақ болған куәгердің жақ сүйегі сынған. Полиция тергеу амалдарын бастады, деп жазады tengrinews.kz.

Оқиға видеосы әлеуметтік желілерде пайда болды. Автор видеода Талғар қаласында ерлі-зайыпты арасында болған жанжал бейнеленгенін айтады. Төбелеске әйелдің жұмыстас әріптестері араласқаны, олардың бірі бетінен қатты соққы алғаны айтылған. Кейінірек төбелестің Бесағаш ауылындағы автосалондардың бірінің тұрағында болғаны белгілі болды.

"Ашуға булыққан күйеуі әйелінің жұмысына келіп, жанжал шығарған. Оқиға соңында әйелді көшеде соққыға жықпақ болған кезде, оған әріптестері араша түскен. Соның салдарынан олардың бірі бетінен соққы алып, жақ сүйегі сынған", - делінген Telegram-да жарияланған жазбада.

Өңірлік полиция бұл деректің тіркелгенін және соған байланысты қылмыстық тергеу басталғанын хабарлады. Күдіктінің жасы 30 шамасында екені, оның ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болды. Жәбірленуші ер адам медицина мамандарының бақылауында.

"Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға ерлі-зайыпты арасындағы тұрмыстық жанжал негізінде туындаған. Тергеу аясында оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу және процесуалдық іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ полиция тергеу мүддесіне байланысты аталған дерек бойынша қосымша ақпарат бере алмайтындарын атап өтті.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың соңында Қазақстанда "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" заң күшін жойды. Бұл 16 жыл бойы отбасылық зорлық-зомбылық жағдайларындағы іс-қимыл тәртібін айқындап, мемлекеттік органдардың жұмысын реттеген және отбасылық-тұрмыстық жанжалдарды құқықтық талқылаудың жеке санатына бөлген құжат болатын. Алайда заң жай ғана жойылған жоқ - ол басқа төрт заңмен біріктіріліп, "Құқықбұзушылық профилактикасы туралы" бірыңғай нормативтік актіге айналды.

Күш құрылымдарының өкілдері бұл өзгеріс мұндай жағдайлармен жұмыс істеу тиімділігін арттырады, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және ведомствоаралық үйлестіруді жақсартуға көмектеседі деп сендіреді. Алайда құқық қорғаушылар мен заңгерлер бұл пікірмен келіспейді. Олардың пайымдауынша, мамандандырылған заңның күшін жою жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Ал елдегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі әлі де жоғары болып қалып отыр.