САҚ БОЛЫҢЫЗ: Демалыстан үйге ПАРАЗИТтер "ЕРТІП КЕЛУІҢІЗ" мүмкін

0
260


САҚ БОЛЫҢЫЗ: Демалыстан үйге ПАРАЗИТтер

Фото: i.ytimg.com

Көптен күткен демалысқа аттанып, жайлы қонақүйге жайғасқанда ешкім де жағымсыз тосынсыйлар туралы ойлағысы келмейді. Алайда, туристер орналасатын кез келген орында байқалмайтын үлкен қауіптер болуы мүмкін. Солардың бірі – төсек қандалалары (клоп), киім биттері, бүргелер мен басқа да паразит, жәндіктер. Мұндай «көрінбейтін көршілер» демалыстың шырқын бұзып қана қоймай, денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін.

Көпшілік саяхатшылар мұндай паразиттер тек тазалығы төмен, арзан хостелдерде ғана болады деп қате ойлайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) ресми деректері бойынша, төсек қандалалары үшін отельдің жұлдыз саны да, бөлменің тазалығы да маңызды емес. Олар салтанатты бес жұлдызды мейманханалардан да, қарапайым қонақүйлерден де жиі кездеседі. Себебі бұл жәндіктер өздігінен пайда болмайды, оларды бұған дейін тоқтаған демалушылар өз чемодандарымен, киімдерімен әлемнің түкпір-түкпірінен тасымалдап әкеледі.

Сапар соңында үйіңізге «шақырылмаған қадірсіз қонақтарды» ертіп қайтпас үшін және жеке қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету үшін халықаралық сарапшылар ұсынған мына қарапайым, бірақ аса маңызды ережелерді есте сақтаған абзал.


Қонақүй бөлмесіне кіргенде ең бірінші не істеу керек?

Бөлмеге кіре салысымен чемоданды бірден ашып, төсек үстінде киімдерді ақтару – ең үлкен қателік.

  • Алдымен багажды қауіпсіз орынға қойыңыз. Төсекке немесе кілемнің үстіне қоюдан аулақ болыңыз. Ең қауіпсіз жер – жуынатын бөлме (кафель үсті) немесе еденнен биік тұрған арнайы металл багаж қойғыш. Қандалалар мен басқа да жәндіктер жылтыр тегіс бетте өрмелей алмайды.
  • Төсекті мұқият тексеріңіз. Матрастың бұрыштарын, тігістерін көтеріп қараңыз. Төсек жабындарынан кішкентай қара нүктелерді немесе сарғыш төгілген қабықшаларды көрсеңі, бұл – мұнда паразиттер бар деген белгі.
  • Техника мен жиһазды қарап шығыңыз. Төсек жанындағы тумбочкаларды, диван тігістерін, теледидар пультінің артын және телефон тұтқасын тексеріңіз. Мүмкіндігінше өзіңізбен бактерияға қарсы ылғал сулық алып жүрген дұрыс. Бар болса бірден сонымен сүртіп, өңдеп шығыңыз.
  • Кондиционерге мән беріңіз. Егер бөлмеден шірік немесе ылғалдың иісі шығып тұрса, бұл кондиционер фильтрлерінің тазаланбағанын білдіреді. Бұл жерде саңырауқұлақтар мен зең бактериялары жиналады. Санитарлық талапқа сай келмесе, бөлмені ауыстыруды талап етуіңізге әбден болады.


Қандай қорғаныс заттарын алу керек?

Саяхатшының қоржынында болуы тиіс шағын вирусологиялық/санитарлық жиынтық:

  • Вакуумдық пакеттер. Киімдерді чемоданға салмас бұрын ауасы сорылатын пакеттерге салып жапсаңыз, паразиттердің киімге өтуіне 100% тосқауыл қойылады.
  • Перметрин немесе ДЭТА (DEET) негізіндегі репелленттер. Қарапайым эфир майлары мен спирттік антисептиктер клопқа әсер етпейді, сондықтан құрамында арнайы инсектицидтік заты бар спрейлерді пайдалануға кеңес береміз.
  • Шалқасынан төселген пластмасса немесе скотч. Кереует маңына еденге және кереуеттің аяқтарына екі жақты скотч жабыстырып қою – паразиттердің жерден төсекке өрмелеуіне кедергі жасайтын тамаша лайфхак!


Тропикалық елдерде қауіп басымырақ

Егер Азиялық немесе Африка елдеріне демалуға барсаңыз, тек қандалалар емес, масалар мен тропикалық жәндіктер де қауіп төндіреді.

  • Масалар мен маса торлары. Тропиктегі масалар денге безгегі, малярия сияқты инфекцияларды тасымалдауы мүмкін. Терезелерде москит торларының бар-жоғын тексеріп, репелленттерді (жәндіктерді үркітетін спрей) қолданыңыз.
  • Аяқ киімді тексеру. Ыстық елдерде аяқ киімді сыртқа қалдырмаңыз. Киер алдында ішін сілкіп тексеріңіз, өрмекшілер немесе ұсақ жәндіктер кіріп кетуі мүмкін.


Сапардан оралғанда: Үйге кіргендегі алғашқы әрекет

Паразиттер үйге негізінен киімнің тігістері мен чемоданның қалталары арқылы өтеді. Ресми санитарлық нұсқаулықтарға сәйкес, үйге келгенде мына әрекеттерді орындаған жөн:

  • Чемоданды гардеробқа, жатын бөлмеге кіргізбей, кіреберісте немесе балконда ашыңыз.
  • Өзіңізбен бірге сапарға барып-келген барлық киімдерді бірден жуыңыз. Киілген, жаңадан сатып алынған, тіпті киілмегендерін де міндтті түрде жуу керек. Кір жуғыш машинаға салып, кемінде 60°C температураға қойыңыз. Ыстық су мен бу паразиттерді де, олардың жуырда салған жұмыртқаларын да жояды.
  • Жууға келмейтін заттарды өңдеңіз. Жууға болмайтын заттарды немесе чемоданның өзін бу генераторымен тазалаңыз немесе шаңсорғышпен мұқият сорып алыңыз. Шаңсорғыштың дорбасын бірден қоқысқа тастап, жаңасын пайдаланыңыз.
  • Химиялық тазалау (дезинфекция). Егер күдігіңіз болса, чемоданды бірнеше күнге сыртта немесе пайдаланылмайтын балконға қалдырыңыз.


Антисептик спрейлері қандаладан қорғай ма?

Жоқ, көпшілігіміз пайдаланып жүрген қарапайым спиртті антисептиктер мен дезинфекциялаушы спрейлер төсек қандалаларынан қорғай алмайды. Тұрмыстық антисептиктер тек бактериялар мен вирустарды жоюға арналған, ал қандалалардың хитинды қатты қабығы мен олардың тығыз жұмыртқа капсулаларына спирт ешқандай әсер етпейді. Паразиттерден толық құтылу немесе оларды үркіту үшін спиртті қолданбай, құрамында ДЭТА (DEET), перметрин немесе икаридин сияқты арнайы инсектицидтік белсенді заттары бар сапалы репелленттерді пайдаланған жөн.


Бөлмеден жәндік немесе оның ізін тапқан жағдайда не істеу керек?

Егер бөлмеден паразит табылса, бұл санитарлық нормалардың өрескел бұзылуы. Турист бөлмені ауыстырып қана қоймай, тапсырысты (бронь) тегін жоюды, ақшаны қайтаруды немесе киімдерді химиялық тазалау (dry cleaning) шығынын отель есебінен өтеп беруді талап етуге құқылы.

Бірден суретке немесе видеоға түсіріп алыңыз. Қонақүй әкімшілігіне хабарлап, жазбаша Акт немесе шағым тіркелгені туралы құжатты, бөлмені ауыстыруды немесе қаражатты қайтаруды талап етіңіз. Маңыздысы, жаңа бөлме бұрынғы бөлмеңіздің астында, үстінде немесе жанында болмауы тиіс. Өйткені жәндіктер құбырлар арқылы көрші бөлмелерге тез таралады.

Егер талаптарыңыз қанағаттандырылмаса, Booking.com, Airbnb сияқты сайттарда немесе туроператорға шағым түсіруге болады.


Паразиттер тек лас отельдерде бола ма?

Бұл кең тараған басты жаңсақ пікірлердің бірі. Төсек қандалалары мен басқа да паразиттер бөлменің тазалығына немесе мейманхананың мәртебесіне қарамайды. Өйткені олар шаң-тозаңмен немесе тамақ қалдықтарымен емес, тек адам қанымен қоректенеді. Сол себепті қарапайым арзан хостелде де, сәнді бес жұлдызды люкс отельде де бірдей кездесуі мүмкін. Паразиттер қонақүйге өздігінен келмейді, оларды бұған дейін тоқтаған саяхатшылар өз чемодандары мен киімдерінде тасымалдап әкеледі. Сондықтан қаншалықты қымбат әрі таза қонақүй болса да, бөлмеге кіргенде қарапайым сақтық шараларын сақтау артық етпейді.

Сапарда мұқият болу демалыстан кейінгі тыныштығыңыз бен денсаулығыңыздың кепілі!

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ТУРИСТЕР әлі күнге дейін сенетін ПИРАМИДАлар туралы 9 МИФ