Алматылық бұдан соң өздерін азаматтық көлікпен бір полиция бөлімшесінен екіншісіне жеткізгенін жеткізді.
Фото: Полиция жазбасынан скрин
ERNUR.KZ. Алматы тұрғыны полиция қызметкерлері өзін және жігітін ұстау кезінде күш көрсетіп, өзіне жыныстық сипаттағы әрекеттер жасағанын мәлімдеді, деп жазады stan.kz.
Бойжеткен оқиғасы желіде жариялады. Айтуынша, 19 қыркүйекте таңғы сағат 06:00 шамасында жігіті мен өзім полиция қызметкерлері ұстап алған.
“Бізге күш қолданылып, адам қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттер жасалды. Жігітімді ұрып, қолы мен аяғын қайырып, қолын кілтпен басып, басын қабырғаға соққан. Шашынан сүйреп, аяғын басқан. Қолының жарақат алған жерінің фотосын осы жазбаға қоса беріп отырмын. Маған да физикалық және психологиялық қысым көрсетілді. Сонымен қатар маған келісімімсіз жыныстық сипаттағы, қорлайтын әрекеттер жасалды”, – деді ол.
Алматылық бұдан соң өздерін азаматтық көлікпен бір полиция бөлімшесінен екіншісіне жеткізгенін жеткізді.
“Ұсталған және полицияға жеткізілген уақытымызға да назар аударғым келеді. Іс жүзінде бізді ертерек жеткізген. Алайда құжаттарда жеткізілген уақытымыз таңғы 08:00 деп көрсетілген. Яғни тіркеу кезінде көрсетілген уақыт біздің іс жүзінде полиция бақылауына алынған уақытымызға сәйкес келмейді. Сондай-ақ полиция қызметкерлері бізді ұстап отырған кезде телефонымыздан қоңырау шалған. Бұл қоңыраулардың не үшін және кімге жасалғаны бізге белгісіз”, – деп қосты ол.
Бойжеткен өздерін нақты не себептен ұстағанын түсінбейтінін алға тартты.
“Бізді ешқандай себепсіз ұстады. Жаныма келіп, алып кетті, бірақ ештеңе түсіндірмеді. Не болып жатқанын және қандай негізде ұсталғанымызды сол күйі түсінбедік. Бізге медициналық куәландыру жүргізілген жоқ. Мас күйде болған-болмағанымыз тексерілмеді, ешқандай сараптама жасалмады және тиісті қорытынды берілмеді.
Бізді ұзақ уақыт ұстады. Мен бұл жазбаны жанжал шығару немесе назар аударту үшін емес, басымыздан өткен жағдайды айтып, көпшілікке жеткізу үшін жариялап отырмын. Әр адамның қадір-қасиеті мен қауіпсіздігі қорғалуға тиіс. Ұстау жағдайына қарамастан, ешкім зорлық-зомбылыққа немесе адамды қорлайтын әрекеттерге ұшырамауы керек. Бұл оқиға туралы адамдардың білгенін қалаймын. Себебі осындай жағдайға тап болуы мүмкін әр адам өз құқықтарын білуі маңызды. Болған жағдайға құқықтық бағаны ресми тексеріс береді. Мен тек өзіміздің басымыздан өткен оқиғаны айтып отырмын”, – деп қорытты ол.
Оқиғаға байланысты Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдіріп, адамдарға зорлық көрсетілді деген ақпаратты жоққа шығарды.
"19 қыркүйекте сағат 06:30 шамасында Байтұрсынов көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындарынан ауладағы қоғамдық тәртіптің бұзылғаны туралы шағым түсті. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері алкогольдік ішімдік ішкені байқалған жігіт пен қызды анықтады. Олар қатты дауласып, тұрғындардың тыныштығын бұзған. Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен. Екеуі де полиция бөлімшесіне жеткізілді. Онда олар агрессивті әрекетін жалғастырып, өзара жанжалдасып, процессуалдық әрекеттерді жүргізуге кедергі келтіріп, күш қолдану арқылы қарсылық көрсеткен", – деп хабарлады Полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, полиция қызметкерлерінің әрекеті мен ұсталғандардың мінез-құлқы бейнебақылау камераларына түсірілген. Қолда бар бейнежазбалар оларға заңсыз әрекеттер жасалды деген мәлімдемелерді жоққа шығарады.
"Екі азаматқа да қоғамдық тәртіпті бұзғаны және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жолданды. Полиция қызметкерлері адамдарды ұрып-соққаны және басқа да заңсыз әрекеттер жасағаны туралы жалған ақпараттың таралуына құқықтық баға беріледі. Көрінеу жалған ақпарат таратқан адамдарға қатысты заңға сәйкес қатаң шаралар қабылданады", — деп толықтырды Алматы қаласы полиция департаменті.


