Спорт министрлігі Шайдоровқа қатысты жағдай шешілгенін мәлімдеді

0
98

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы сұхбаттарының бірінде бес ай бойы жалақы алмағанын, сондай-ақ жаттығу жиындарына қаражат бөлінбей жатқанын айтқан болатын.


Спорт министрлігі Шайдоровқа қатысты жағдай шешілгенін мәлімдеді

Фото: ҰОК/ Сали Сабиров

ERNUR.KZ. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Михаил Шайдоровтың жаңа келісімшартқа қол қойғанын және оған тиесілі барлық төлем берілетінін мәлімдеді, деп жазады tengrisport.kz.

Еске сала кетейік, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы сұхбаттарының бірінде бес ай бойы жалақы алмағанын, сондай-ақ жаттығу жиындарына қаражат бөлінбей жатқанын айтқан болатын.

Осыдан кейін министрлік Шайдоров келісімшарт талаптарына көңілі толмағандықтан, құжатқа қол қойылмағанын хабарлады.

Артынша спортшы қол қою шарттарын жария етті: 2026 жылға арналған келісімшарт үшін оған 2030 жылғы Олимпиадада медаль алуға кепілдік беру талап етілгені белгілі болды.

"Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан келісімшарт мәселесіне тоқталсам, бүгінгі күні келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды. Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді", - деді Жарасбаев.

Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігі өкілінің айтуынша, Михаилдың маусым алдындағы дайындық мәселесі де шешілген.

"5 маусымда Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанады. Сондай-ақ бірер күннен соң Михаил Шайдоров өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне келеді. Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз. Сонымен қатар елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде де пікір алмасамыз", - деп атап өтті вице-министр.

Айта кетейік, спортшының өзі әзірге жағдайдың шешілгенін растаған да, жоққа да шығарған жоқ.

Михаил Шайдоров - мәнерлеп сырғанаудан Қазақстаннан шыққан тұңғыш чемпион

Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылдың ақпанында Италияда өткен Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан алтын иеленген болатын. Ол бағдарламаның бұл түрінен еліміздің қоржынына алтын медаль салған алғашқы спортшы атанды.

Былтыр Шайдоров әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Төрт құрлық турнирінде жеңіске жеткен еді.

Осылайша, Михаил қазір қысқы спорт түрлерінен елдегі ең атақты спортшы.