​СҚО-дағы Сергеев су қоймасының су деңгейі түсіп жатыр

0
106

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биылғы жағдай қолайлы.


​СҚО-дағы Сергеев су қоймасының су деңгейі түсіп жатыр

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында шағын өзендерде су деңгейі төмендеп жатыр, яғни енді олардан келер қауіп жоқ. Есіл өзенінде де жағдай әзірге тұрақты, деп жазады inform.kz.

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, Гусаковка елді мекені маңында Бабық Бұрлық өзені бір тәулікте 118 см-ге төмендеді. Возвышенка елді мекені жанында Аққанбұрлық өзенінің су деңгейі 46 см-ге төмендеген. Шарық, Мұққыр, Иманбұрлық өзендерінде де бірнеше күннен бері деңгейі түсіп жатыр.

Есіл өзені Шөптікөл ауылының маңында – 62 см-ге, Дружба елді мекені тұсында – 90 см-ге, Тоқсан би ауылы маңында - 46 см-ге, ал Сергеевка қаласы маңында 44 см-ге төмендеді.

Покровка ауылынан төмен қарай өзеннің су деңгейі әлі де көтеріліп жатыр. Мәселен Покровка ауылы тұсында 82 см-ге, Новоникольское елді мекені маңында 69 см-ге көтерілген. Бірақ бұл өзгеріс Есіл арнасынан шығардай қауіпті емес.

Сергеевка су қоймасында да бірнеше күннен бері су деңгейі түсіп келеді. Өткен тәулікте 13 см-ге төмендеді, қазір жотасынан асып төгілу биіктігі – 108 см. Гидрологиялық нысан 119%-ға толған.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биылғы жағдай қолайлы. Былтыр осы уақытта Сергеев су қоймасының жотасынан асып төгілу биіктігі 144 см болып, су торабы 126%-ға толған еді. Ал 2024 жылы 9 сәуір күні Сергеев гидроторабының жотасынан тасыған судың биіктігі 425 см-ге жеткен еді.