Ақмола облысымен шекаралас Шөптікөл ауылының маңында және Дружба, Тоқсан би ауылдарында да Есіл өзенінің су деңгейі түсіп жатыр.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасында өткен тәулікте су деңгейі 14 см-ге көтерілді, қазір нысан 120% толған, деп жазады inform.kz.
«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, шағын өзендерде су деңгейі күнделікті түсіп, бүгінде қауіпті деңгейден үш есе төмендеген.
Ақмола облысымен шекаралас Шөптікөл ауылының маңында және Дружба, Тоқсан би ауылдарында да Есіл өзенінің су деңгейі түсіп жатыр. Мұнда су тасқынының екінші толқыны өтті.
Ал Сергеевка қаласы маңында Есіл өзенінің деңгейі бір тәулікте 89 см-ге көтерілді. Бөгеттің жотасы арқылы тасыған су биіктігі қазір 116 см-ге жетті. Ал Петропавлдағы гидрологиялық нысанда су деңгейінің 12 см-ге төмендегені тіркелді.
Гидрологтардың болжамынша, Петропавлға су тасқынының екінші толқыны мамыр айының басында келмек. Бірақ оның ауқымы былтырғыдай болмайды.


