Полиция кінәлілерді іздеп жатыр.
фото:Портал yk-news.kz
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында белгісіз біреулер Мәңгілік алауда тауық етін пісірген, деп жазады sputnik.kz.
Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Жергілікті жаңалықтар порталының хабарлауынша, тамақ қалдықтарын қала тұрғыны Даңқ ескерткішінің жанынан өтіп бара жатып тапқан. Піскен етті қоқысқа тастап, әкімдікке барып шағымданған.
Жергілікті билік бұл жерді тазартқанымен күйген дақтар әлі бар. Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Бұл іс Риддер қаласының полиция бөлімінде тіркелген. Қазіргі уақытта құқық бұзушылар іздестіріліп жатыр. Табылған бойда сөзсіз жауапқа тартылады. Полиция қызметкерлері аумақты тексеріп, бейнебақылау жүйелерінің жазбаларын зерттеп жатыр, куәгерлерді анықтап, сұрастыруға кірісті", - деп хабарлады полиция.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тарих және мәдениет ескерткіштерін, ғимараттар мен құрылыстарды қорлағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Риддердегі Даңқ ескерткіші 1975 жылы орнатылған. Мемориал тақтада Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан 5 мыңнан астам жауынгердің есімі жазылған.


