Аймаққа инвестиция тарту мақсатында Туризм және инвестициялар орталығы құрылды
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасының Самар жағалауында халықаралық стандарттарға сай заманауи демалыс орны салынады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісовтің айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін белгілі қонақүй желісі Pana Asia компаниясымен меморандумға қол қойылған.
«Біз Pana Asia компаниясымен әріптестік туралы келісім жасадық. Бұл — қазақстандық басқарушы компания, ол бутиктік қонақүйлер экожүйесін қалыптастырып жатыр. Олардың Алматы, Шымкент және Мәскеуде отельдері бар, енді бұл тізімге Сарыбел де қосылады», — деді әкім.
Жаңа курорт аймақтың туристік және инвестициялық тартымдылығын арттырады. Құрылыс халықаралық стандарттарға сай жүргізіліп, жоғары деңгейлі қызмет көрсетуге бағытталады.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен жағалауда заманауи жаяу серуен аймағының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар аймаққа инвестиция тарту мақсатында Туризм және инвестициялар орталығы құрылды. Бұл орталық туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп жобаларын қолдауға бағытталады.
Жергілікті билік жағалау туризмін дамытуға ерекше назар аударып отыр.
Жоспар бойынша Самар жағалауы халықаралық туристік брендке айналып, шетелдік демалушыларды тартатын аймаққа айналады.
«Біз аймаққа инвестиция салуға дайын кәсіпкерлерді шақырамыз. Барлық инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіледі», — деді Серік Жеңісов.