​ШҚО-да мас күйде көлік жүргізбеуге шақыратын ерекше ескерткіш орнатылды

0
76

Полиция бастамасымен жол жиегіне биіктігі 9 метр болатын бөтелке пішініндегі үлкен ескерткіш орнатылған.


​ШҚО-да мас күйде көлік жүргізбеуге шақыратын ерекше ескерткіш орнатылды

Фото: ШҚО ПД

ERNUR.KZ. Өскемен–Алтай–Рахманов бұлағы автожолы бойында, Солтүстік ауылының маңында мас жүргізушіліктің салдарын еске салатын ерекше арт-нысан пайда болды, деп жазады inform.kz.

Полиция бастамасымен жол жиегіне биіктігі 9 метр болатын бөтелке пішініндегі үлкен ескерткіш орнатылған. Оның ішінде ауыр жол апаттарына түскен, қирап-бүктелген көліктер қойылған. Арт-ескерткіш жүргізушілерге мас күйінде рульге отырудың салдары қандай болатынын нақты көрсетуге бағытталған.

«Бұл монумент эффект үшін немесе әдемі көрініс үшін қойылған жоқ. Ол – өмірдің шындығы. Бір ғана қате шешім сапарды қасіретке айналдыра алады. ЖКО салдары қай кезде де ауыр, біздің міндет – мұны әр жүргізушіге түсіндіру», - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдері пішін ішіндегі көліктердің барлығы шынымен апатқа түскенін, мұндай жағдайлардың алдын алуға болатынын атап өтті.

«Бұл көліктер – макет емес. Олар шынымен ауыр жол апаттарына түскен. Жүргізуші осы жерден өтіп бара жатып, бір сәтке ойланса екен дейміз: бір жұтым алкаголь адамның өміріне тұра ма?» - деді департамент өкілдері.
Полицияның айтуынша, жоба жүргізуші мәдениетін қалыптастыруға және әрбір жол қозғалысына қатысушының жеке жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

«Апат – кенеттен болатын жағдай немесе сол күннің сәтсіздігі емес. Көп жағдайда жол-көлік оқиғалары тікелей құқық бұзушылықтың салдарынан болады. Мас күйде көлік жүргізбеу — шектеу емес, қауіпсіздіктің қарапайым талабы», - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Полиция мұндай визуалды ескерткіштер мәселені басқаша қабылдауға мүмкіндік беретінін және өңір жолдарындағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектесетінін жеткізді.