ШҚО агроөнеркәсіп саласын дамыту мақсатында шет мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуда

0
127

Ауыл шаруашылығы – ШҚО экономикасының стратегиялық мәні айрықша саласы.


ШҚО агроөнеркәсіп саласын дамыту мақсатында шет мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуда

ERNUR.KZ. Биыл аймақтың аграрлық секторы тұрақты өсім көрсетуде. Астық өнімі 101,5%-ға, майлы дақылдар – 107%-ға артты. Қайта өңделген экспорттық өнім үлесі 66%-дан 71%-ға дейін өсті. Бұл жайында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, цифрлық жүйені пайдалану арқылы егістік жерлердің 40%-ы өнімділікті гектарына 30 центнерге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Агроөнеркәсіп кешенінде сыртқы ынтымақтастықты нығайту мақсатымен Қытай, Ресей және Өзбекстанмен өзара іс-қимыл жолға қойылған.

«Біз ірі қытайлық сауда компанияларымен, жалпы құны – 50 млн АҚШ долларына май өнімдерін жеткізуге келісімшарт жасастық. Сол сияқты мал шаруашылығы өнімін Қытай нарығына шығару үшін, биыл, зерттеу нәтижелері әлемнің 112 елінде танылған арнайы сертификаттау зертханасы құрылды. Біздің жерлестер Еурокомиссия тізіміне енген алғашқы қазақстандық кәсіпорын ретінде Еуропаның 27 еліне Шығыстың балын жеткізу мүмкіндігіне ие болды», – деді спикер.

Балық шаруашылығында да өңір көш бастап тұр. Биыл 2,5 мың тонна тауарлы балық өндіріледі. Балық өсіру ісі де 2,5 есеге ұлғайды. Сібір бекіресін қалпына келтірілу үшін Қара Ертіске 61 мыңнан астам балық шабақтары жіберілді.

Шағын және орта бизнес – 152 мың шығыс қазақстандықты жұмыспен қамтып отырған маңызды сала. Биылдың өзінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті қолдауға 92 млрд теңге бөлінді.