Қор өкілдері қызметкер ұсталғанын растады.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының тағы бір қызметкері ұсталды. Бұл ақпаратты қордың баспасөз қызметі растады, деп жазады tengrinews.kz.
Мән-жайы
Бұған дейін ақпарат кеңістігінде сыбайлас жемқорлық ісі бойынша "Самұрық-Қазынаның" тағы бір қызметкері ұсталғаны болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Қор өкілдері қызметкер ұсталғанын растады. Алайда, ресми мәліметке сәйкес, бұл күдіктінің бұрынғы жұмысына байланысты болып отыр.
"Самұрық-Қазына" АҚ қолда бар ақпаратқа сәйкес, қор департаменттері бірінің қызметкерін ұстау оның бұрынғы еңбек қызметіне қатысты мән-жайларға байланысты және қазіргі лауазымдық міндеттерін атқаруына қатысы жоқ екенін хабарлайды. Қазір уәкілетті органдар тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде іс бойынша үш ықтимал фигурант туралы бейресми ақпарат тараған. Олардың арасында "ҚТЖ-ның" екі қызметкері мен "Самұрық-Қазынаның" бір қызметкері аталады.
"Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген ҰҚК хабарламасында.
"Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ-ның бұрынғы басшылары қамауға алынды
12 қарашада ҰҚК "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Елжас Отынышиев және басқа да тұлғалар ұсталғанын ресми түрде растады.
Комитет мәліметінше, ұсталғандар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке іліккен. Қазір тергеушілер істің мән-жайын анықтап жатыр.
12 қарашада әлеуметтік желілерде Астанадағы Қонаев көшесінде орналасқан тұрғын үй кешені маңында шашылып жатқан долларлар бейнеленген видео тарады. Кадрлардан банкноттардың тұтас бумалары көрінеді.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл ақша "Самұрық-Қазына" мен "Қазақстан темір жолы" басшыларының ұсталуымен байланысты болуы мүмкін деген болжам жасады. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. ҰҚК де көшеден табылған ақшаның тергеуге қатысы бар-жоғын хабарламады.
Сондай-ақ желіде “Самұрық-Қазына” және ҚТЖ басшылары ұсталған сәт болуы мүмкін кадрлар тарады.
18 қарашада ҰҚК сот "Самұрық-Қазына" мен "Қазақстан темір жолы" басшыларын қамауға алғанын хабарлады.
Тоқаевтың "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдемесі
Еске сала кетейік, 13 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Жиында Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" мен "Қазақстан темір жолы" басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.
Тоқаев бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай екенін айтты. Сондай-ақ атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім заңнан аттап кете алмайтынын атап өтті.
Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды азайту жөнінде нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Кейін Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болғанын айтты. Оның сөзінше, Тоқаевтың жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді.


