Иран Президенті энергия ресурстарын үнемдеуге шақырды

0
159

Пезешкиан энергия ресурстарын тұтыну мәдениетін өзгертуге шақырды.


Иран Президенті энергия ресурстарын үнемдеуге шақырды

Фото: Анадолу

ERNUR.KZ. Иран Президенті Масуд Пезешкиан елде энергия ресурстарын тұтыну тәсілін өзгерту қажет екенін айтты. Бұл туралы ол Тегеран университетінде «Басидж» студенттік ұйымы ұйымдастырған «Энергетика саласындағы прогресс көшбасшылары» семинарында мәлімдеді, деп жазады inform.kz.

Иранның Tasnim ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Пезешкиан мұнай экспорттау мен одан түскен валюталық кірісті елге қайтару қиынға соғып отырғанын айтып, энергия тұтыну дағдысын өзгерту керегіне тоқталды.
— Соғыс кезінде көптеген қиындыққа тап болдық. Энергетика – соғыс жағдайында тиімді басқаруды талап ететін аса маңызды салалардың бірі, – деді ол елдің әскери қақтығыс кезінде кездескен мәселелеріне тоқталып.

Пезешкиан энергия ресурстарын тұтыну мәдениетін өзгертуге шақырды. Мысал ретінде семинар өткен залдың шамадан тыс жылытылғанын, ал жарықтың орынсыз қосылып тұрғанын айтты.

Иран басшысының пікірінше, мұндай іс-шаралар кезінде табиғи жарықты көбірек пайдаланып, жылу шығынын азайту үшін қатысушылар жылы киінуі керек.

Президент Иранның мұнай сатуда және одан түскен валюталық түсімді елге қайтаруда қиындықтарға тап болғанын жеткізді. Сондай-ақ елдің ішкі нарығын бензинмен қамту мәселесін көтерді.

— Бензин сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Соған қарамастан, бұл бағытта тиісті шаралар қабылдауымыз керек. Егер мәселені шеше алмасақ, бензин импортына 12 млрд доллар жұмсауға тура келер еді. Бұрын бензинді шетелден сатып алатынбыз. Қабылданған шаралардың арқасында қазір импортқа мұқтаж емеспіз, — деді Масуд Пезешкиан.