«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы: 90 мыңнан астам шалғай ауыл тұрғыны тегін көмек алады

0
148

90 мыңнан астам қазақстандық медициналық пойыздың қызметін пайдалана алады.


«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы: 90 мыңнан астам шалғай ауыл тұрғыны тегін көмек алады

ERNUR.KZ. Астанада «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жолға шығу салтанаты өтті. Алдағы жарты жылдың ішінде «дөңгелектегі емхана» 20 мың шақырымнан астам жол жүріп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі 123 шалғай ауыл мен стансада тоқтап, медициналық көмек көрсетеді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

90 мыңнан астам қазақстандық медициналық пойыздың қызметін пайдалана алады.

Жылжымалы медициналық бригаданың құрамында 36 білікті дәрігер, сондай-ақ медиаторлар мен заңгерлер бар. Олар — терапевтер, хирургтер, педиатрлар, невропатологтар, рентгенологтар, кардиологтар, стоматологтар, офтальмологтар, оториноларингологтар, онколог-маммологтар, гинекологтар және урологтар. Дәрігерлер алғашқы тексеру жүргізіп, қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасайды.

Бұған қоса, диагностика жүргізу үшін медициналық пойыз қажетті зертханалық және құрал-жабдықтармен жабдықталған: ЭКГ, УДЗ, флюорограф, гастрофиброскоп.

Жоба іске асқалы бері 15 жылдың ішінде 800 мыңнан астам адам дәрігерлерден көмек алды, олардың әрбір бесіншісі — бала. Хирургтер шамамен 37 мың операция жасады. Өткен жылы пойыздың дәрігерлері 104 250 пациентті қабылдаған.

Бұл әлеуметтік жобаның шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі техникалық жарақтау, медициналық және дәрілік көмекпен қамтамасыз етеді. Жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының әріптестігімен жүзеге асырылуда. Медициналық пойыздың нақты қозғалыс кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланған.