Ресей салатын Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құны қанша болады

0
420

АЭС-ті қазақстандық мамандар басқарады.


Ресей салатын Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құны қанша болады

фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

ERNUR.KZ. Ресей Қазақстанға атом электр станциясын салу үшін жеңілдікпен экспорттық кредит береді, бірақ жобаның түпкілікті құны әзірге белгісіз. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Жобаның түпкілікті құны туралы айту әлі ерте. Кез келген АЭС-тің жалпы құнына бірқатар фактор әсер етеді. Дәлірек айтқанда, инженерлік-зерттеу жұмыстарының нәтижесі, яғни АЭС салынатын жердің метеорологиялық және сейсмологиялық жағдайы құрылыс барысына қалай әсер ететіні; реакторлық технология жеткізетіндердің құрамына кірмейтін халықаралық өндірушілердің жабдықтарын қолдану; АЭС салынатын елде жабдықтар мен құрылыс материалдарын өндіру деңгейі; құрылыс-монтаж ұйымдары мен білікті мамандардың қатысуы, яғни құрылыс үшін қажетті адами ресурстардың бар-жоғы немесе үшінші тарапты тарту қажеттілігі; логистика, қаржы және басқа да шығындар әсер етеді», – делінген хабарламада.

АЭС-тің нақты құны жобалауды аяқтап, сараптамадан өткеннен кейін ғана анықталады.

«Қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, Ресей Қазақстанға жеңілдетілген шарттармен экспорттық қаржыландыру ұсынады. Бұл қаржыландырудың шарттары қазір келіссөз аясында талқыланып жатыр. Экспорттық кредит қаражаты ұзақ өндірілетін жабдықтарды (мысалы ядролық реактор, бу генераторлары, басты айналмалы сорғылар) сатып алуға, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын жүргізуге бағытталады», - деп атап өтті агенттік.

Бұл шығындар жобаны жүзеге асыру кестесін сақтау және толыққанды құрылысқа дайындық үшін қажет дейді олар.

«Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, АЭС-ті жобалау, салу және пайдалануға беру мерзімі шамамен 10-12 жылды құрайды. Осыған сәйкес, құрылыс 2035-2036 жылдары аяқталады деп болжанып отыр. Росатом бұл жоспарға сай әрекет ететінін растады. Құнына келер болсақ, Росатом бәсекелестік диалог аясында ұсынған индикативті бағаны қазіргі уақытта жария ете алмаймыз, өйткені бұл коммерциялық ақпарат және оны жария етпеу туралы келісім бар», – деп мәлімдеді агенттік.

Ресей Түркиядағы сияқты АЭС-ке қызмет көрсете ме?
«Қазақстанда мұндай схема қолданылмайды. Жоба коммерциялық сипатқа ие. «Росатом» құрылыс жұмыстарын консорциум жетекшісі және басқа да серіктестермен бірге орындайды, ал АЭС – бұл біздің ұлттық нысанымыз, оны қазақстандық мамандар өздері басқарып, пайдаланатын болады», – деп сендірді агенттік.