Непал мен Тибеттегі табиғи апаттан кейін екі қазақстандық әлі табылған жоқ — СІМ

0
80

Қазақстандық дипломаттар хабар-ошарсыз кеткендердің отбасыларымен тұрақты байланыста болып, қажетті қолдау көрсетіп жатыр.


Непал мен Тибеттегі табиғи апаттан кейін екі қазақстандық әлі табылған жоқ — СІМ

Сурет: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы табиғи апат аймағында қалған қазақстандықтардың жағдайын бақылауда ұстап отыр, деп жазады zakon.kz.

Непал тарапының мәліметінше, ел аумағындағы іздеу-құтқару жұмыстары 5 қазанда ресми түрде аяқталған. Қазір зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар барысында табылған мәйіттер мен жеке заттардың кімге тиесілі екені анықталып жатыр.

Ал Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қытай тарапы мәйіттерді анықтау және генетикалық сараптама жүргізу жұмыстарын да қолға алған.

Бұған дейін Қазақстаннан барған үш турист хабар-ошарсыз кетті деген ақпарат тараған еді. Олардың екеуі Непалда, біреуі Қытайда болуы мүмкін деп болжанған.

Непалда болуы мүмкін деп есептелген қазақстандықтардың бірімен байланыс орнатылды. Оның табиғи апат болған аймаққа барудан бас тартқаны анықталған. Қазір ол Қазақстанда.

Қалған екі қазақстандықтың қайда екені әзірге белгісіз. Олардың туыстары қажетті рәсімдерден өтіп, Непал мен Қытайдың құзыретті органдары талап еткен тәртіппен ДНҚ сараптамасы үшін биологиялық материал тапсырды.

Қазақстандық дипломаттар хабар-ошарсыз кеткендердің отбасыларымен тұрақты байланыста болып, қажетті қолдау көрсетіп жатыр.