Президент ауылды қолдауға арналған бағдарламаларға талдау жасауды тапсырды

0
165

Өз сөзінде Президент Үкіметке ауылды және аграрлық секторды қолдау мақсатында әзірленген құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.


Президент ауылды қолдауға арналған бағдарламаларға талдау жасауды тапсырды

фото: Ақорда

ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды қолдауға бағытталған бағдарламаларға талдау жасауды тапсырды. Бұл туралы Президент Астанада өткен үшінші Ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында мәлімдеді.

Президент ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін қолайлы жағдай жасау қажет екенін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, кейінгі жылдары мазмұны бір-біріне ұқсас, тек атауы бөлек аграрлық бағдарламалар көбейген.

"Мәселен, қазірдің өзінде "Ауыл аманаты", "Ауыл – ел бесігі", "Кең дала", "Береке", "Жайлау", "Игілік", "Сыбаға" және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалық тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығы сапалы дамығаны керек", - деді Мемлекет басшысы.

Өз сөзінде Президент Үкіметке ауылды және аграрлық секторды қолдау мақсатында әзірленген құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.

Тоқаевтың айтуынша, әрбір бағдарламаның нақты мақсат-міндеті болуға тиіс. Ең бастысы, қабылданған шаралар шаруаларға түсінікті болып, ауылдағы өмір сапасын жақсартуы қажет. Бұл - мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе.

Қасым-Жомарт Тоқаев бейінді министрліктің дерегін де келтірді: былтыр "Ауыл – ел бесігі" бастамасы аясында 500-ге жуық ауылда жалпы сомасы 173 миллиард теңге болатын 921 жоба жүзеге асырылған. 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелері жаңартылған.

"Енді осы жұмыстың нәтижесін тексеру керек сияқты. Неге бұл мәселені арнайы қозғап, қазбалап айтып тұрмын? Себебі бұрын бәріміз адамдарды қуантатын "керемет, тіпті мінсіз" ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық. Сосын дұрыс статистикалық мәлімет берілмеді деп сылтау тауып, мәселені ысырып қоя салатын едік. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек", - деді Президент жиналғандарға.