Жаңа Әл-Мактум халықаралық әуежайы алғашқы жолаушыларды қабылдамас бұрын кемінде бір жыл сынақтан өтеді.
Сурет: X/@Fahadnaimb
Dubai Airports компаниясының бас директоры Пол Гриффитстің айтуынша, бұл үдеріс күрделі болады. Себебі бастапқы кезеңде екі әуежай қатар жұмыс істейді.
Жаңа Әл-Мактум халықаралық әуежайы алғашқы жолаушыларды қабылдамас бұрын кемінде бір жыл сынақтан өтеді. Оның бірінші кезеңін 2032 жылы ашу жоспарланған.
Биыл Dubai Airports компаниясы DWC жаңа терминалының құрылысына 3,53 миллиард доллар көлемінде келісімшарттар жасасты. Ал 2026 жылдың соңына дейін тағы 14,9 миллиард долларлық келісімшарттарға қол қою көзделіп отыр, деп жазады The National News басылымы.
Гриффитстің айтуынша, құны 35 миллиард доллар болатын құрылыс алаңында қазір қадаларды қағу және топырақты дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанда 100 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді.
"Жақсысы, бізде сынақ кезеңі болады. DXB әуежайының арқасында жаңа технологияларды сонда көшірмес бұрын сынап көре аламыз. Алғашқы жолаушыны қабылдамас бұрын кемінде бір жыл тестілеу жүргізіледі. Содан кейін, әрине, көшу ауқымды болады", – деді Гриффитс.
Оның сөзінше, бұл қадам ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған оқиға болмақ. Көшу барысында 1990 жылдары Гонконгтың бас әуежайы ауысқан кезде қамтылған 20 миллион адамнан бірнеше есе көп жолаушыға қызмет көрсету жүйесі өзгертіледі.
"Біз бұл жерден көшкен кезде аумағымыз бес-алты есе ұлғаяды. Мұндай ауқымдағы жоба бұрын-соңды жүзеге асырылған емес", – деді ол.
DXB әуежайынан Әл-Мактум халықаралық әуежайына көшу жұмыстары операциялардың ауқымдылығына, сондай-ақ қызметкерлерді жұмысқа қабылдау мен оқыту қажеттілігіне байланысты күрделі болмақ.
"Жаңа әуежайдың ашылуына шамамен бес жыл қалғанын ойласам, алаңдаймын. Себебі атқарылатын жұмыс өте көп. Бізге әлдеқайда көп адамды жұмысқа алу, оларды оқыту қажет. Екі әуежайдың жұмысын қатар үйлестіріп, кейін оларды бір жүйеге біріктіруіміз керек. Мұның бәрі ауқымды міндеттер", – деді Гриффитс.
Оның айтуынша, DXB әуежайын Дубайдың оңтүстігіне қарай 70 шақырым жерге көшіру – жай ғана әуежай инфрақұрылымын дамыту жобасы емес, қаланы тұтастай дамытуға бағытталған бастама.
"Қазір біз орналасқан Дубайдың солтүстік-батыс бөлігіндегі аумақты оңтүстік-шығыс бөлігіне, яғни осы жерден 70 шақырым жерге көшіріп жатқандай боламыз. Сондықтан бұл жай ғана әуежай жобасынан әлдеқайда ауқымды. Бүкіл қалаға бейімделуге тура келеді", – деді ол.
Жаңа әуежайға көшу Дубай мен солтүстік әмірліктерде тұратын қызметкерлерге де әсер етеді. Олардың жұмысқа қатынау уақыты едәуір ұзаруы мүмкін. Сондықтан жаңа әуежайға жақын аумақтарда елді мекендерді дамыту қажеттілігі туындайды.
Жобаның тағы бір маңызды міндеті – жолаушылар ағынының өсуін шектемеу және әуежай жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз ету. Алғашқы кезеңде жаңа терминал жылына 150 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін әуежайдың өткізу қабілеті жылына 260 миллион жолаушыға және 12 миллион тонна жүкке жетуге тиіс.
Әл-Мактум әуежайы туралы
Әл-Мактум халықаралық әуежайы 2010 жылғы 24 маусымда бір ұшу-қону жолағымен ашылып, бастапқыда тек жүк рейстеріне қызмет көрсетті. 2011 жылғы 24 ақпанда әуежай 60 жолаушыға дейін тасымалдайтын ұшақтарды қабылдауға сертификат алды.
2024 жылы әуежайды ауқымды кеңейту және жаңа жолаушылар терминалын салу жобасы мақұлданды.
Құрылыс аяқталғаннан кейін әуежай әлемдегі ең ірі әуежайға айналуы мүмкін. Оның аумағы қазіргі Дубай халықаралық әуежайынан шамамен бес есе үлкен болады. Жоба аясында бес параллель ұшу-қону жолағы мен 400 отырғызу қақпасын салу жоспарланған.
Айта кетейік, Қазақстанда да екі жаңа әуежайды ашуға дайындық жүріп жатыр.


