Алматы полициясы қауіпсіздік шараларын күшейтті

0
176

Алматы полициясы тұрғындар мен қала қонақтарын заң талаптарын, жол қозғалысы ережелерін және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.


Алматы полициясы қауіпсіздік шараларын күшейтті

Фото: polisia.kz

ERNUR.KZ. Алматы полициясы қауіпсіздік шараларын күшейтті, деп жазады inform.kz.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 20–22 қараша аралығында Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Іс-шара аясында тәртіп сақшылары профилактикалық және жедел жұмыстарды күшейтіп, құқық бұзушылықтарды анықтауға, олардың жолын кесуге және қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтауға баса назар аудармақ. Оның ішінде жол қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда: көлікті мас күйде басқару, жылдамдықты асыру және жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіретін өзге де құқық бұзушылықтар қатаң бақылауға алынды.

— Біздің міндетіміз — құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, ең алдымен олардың алдын алу. Алматының әрбір тұрғыны мен қонағы үшін қауіпсіз орта қалыптастыру маңызды. Әсіресе, жол қауіпсіздігіне және қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін әрекеттердің жолын кесуге баса назар аударамыз, — деді ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Алматы полициясы тұрғындар мен қала қонақтарын заң талаптарын, жол қозғалысы ережелерін және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.