Ота жасалмаған: Ақтаудағы депутаттың өліміне қатысты хирургиялық клиника түсініктеме берді

0
111


Ота жасалмаған: Ақтаудағы депутаттың өліміне қатысты хирургиялық клиника түсініктеме берді

Фото: primeminister.kz

ERNUR.KZ. Ақтауда артық майдан арыламын деп ажал құшқан депутаттың жақындары пластикалық хирургия клиникасын жауапқа тартуды талап етеді. Наркоздан кейін Ербол Айтуовтың қан қысымы күрт көтеріліп, облыстық ауруханаға жеткізілген. Жансақтау бөлімінде бір ай жатып, тілге келместен көз жұмыпты, деп жазады zakon.kz.

Марқұмның зайыбы Лаура Айтуова пластикалық хирургия клиникасының қызметкерлерін немқұрайлық танытты деп айыптап, заңгерлердің көмегіне жүгінген. Заңгердің айтуынша, операция алдында тапсырылған талдаулар толық тексерілмеген. Яғни анестезиолог интубацияны дұрыс жүргізбей, соның салдарынан науқастың тыныс алуында қиындық туындаған деп отыр. Соның әсерінен қан қысымы 225-ке дейін көтеріліп, қант мөлшері де күрт артып, ишемиялық инсульт алып, комаға түсіпті.

"Анализдері толық болмаған, медициналық кер әсері болған, оның ағзасында, аурулар болған, оған ешқандай тексеру жасалмаған. Қант құрамы жоғары болған. Мұндай жағдайда хирург отаға алмау керек. Анестезиолог анестезия салмас бұрын, одан екі күн бұрын әңгімелесіп, оның жағдайын білуі керек. Ондай жүргізілмеген", дейді Алдирза Қуанышкереев, жәбірленуші тараптың адвокаты.

Ал клиниканың бас дәрігері марқұм пластикалық ота алдында барлық дайындықтан өтті дейді. Алайда наркоздан кейін оның қан қысымы көтеріліп, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Осы оқиғаға байланысты жекеменшік клиниканың бас дәрігері әлеуметтік желіде тараған кей ақпаратты жоққа шығарды. Медициналық мекеме марқұмға мұнда операция жасалмағанын және клиниканың 2015 жылдан бері лицензия негізінде жұмыс істеп келе жатқанын алға тартты.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Айта кетейік, марқұм Ербол Айтуов өңірге белгілі тұлға болған. Ол депутат қызметінен бөлек, Облыстық кәсіпкерлер палатасындағы маңызды бөлімдердің бірін басқарған. Қапыда қара жамылған отбасы кінәлі тұлғаларды анықтап, тиісті жазаға тартуды талап етеді.