2025 жылы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы бағытында жүргізілген бақылау мақсатындағы сатып алу барысында Oreo печеньесінің үлгілері арнайы зертханалық тексеруден өтті.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде Oreo печеньесінің зияны туралы ақпарат тарады, деп жазады baq.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті аталған ақпаратты жоққа шығарды.
Атап айтқанда, оның кремді салмасы «пластикалық желімнен жасалған» немесе печенье «қан тамырларын бітеп тастауы мүмкін» деген мәлімдемелер ғылыми дәлелдерге негізделмеген және расталмаған.
Кондитерлік өнімдер, соның ішінде печенье, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің аумағында тек қатаң талаптарға сай болған жағдайда ғана сатылымға шығарылады. Бұл талаптар Кеден одағының техникалық регламенттерімен белгіленген. Атап айтқанда, тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты регламент микробиологиялық, токсикологиялық және физика-химиялық көрсеткіштердің сақталуын талап етеді. Ал таңбалауға арналған регламентте өнімнің атауы, құрамы, тағамдық және энергетикалық құндылығы, өндірілген орны, өндіруші туралы ақпарат, жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
2025 жылы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы бағытында жүргізілген бақылау мақсатындағы сатып алу барысында Oreo печеньесінің үлгілері арнайы зертханалық тексеруден өтті. Зерттеу нәтижелері бойынша өнімнің микробиологиялық және токсикологиялық көрсеткіштері қолданыстағы техникалық регламенттердің талаптарына толық сәйкес келетіні анықталды. Сондай-ақ тексерілген барлық үлгілердің таңбалануы да белгіленген нормаларға сай, – делінген ведомство таратқан хабарламада.
Осыған байланысты Комитет азаматтарды сақ болуға, күмәнді әрі расталмаған дереккөздерден тараған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми, тексерілген мәліметтерге ғана сүйенуге шақырады.


