Назарбаев қоры Алматыдағы ҚБТУ ғимаратын мемлекетке тегін берді

0
74

Қазір қала әкімдігімен ғимаратты университетке сенімгерлік басқаруға беру туралы келіссөздер жүргізілуде.


Назарбаев қоры Алматыдағы ҚБТУ ғимаратын мемлекетке тегін берді

Фото: kbtu.edu.kz

ERNUR.KZ. Нұрсұлтан Назарбаевтың NNEF қоғамдық қоры Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) ғимаратын ерікті түрде тегін мемлекетке өткізді. Бірақ университеттің акциялары қордың меншігінде қалады, деп жазады stan.kz.

Қазір қала әкімдігімен ғимаратты университетке сенімгерлік басқаруға беру туралы келіссөздер жүргізілуде.

“ҚБТУ-дың тарихи ғимараты Алматы қаласы мен Қазақстан үшін архитектуралық және мәдени маңызды нысан. Оның мемлекет меншігіне өтуі – бұл объектіні ұзақ мерзімді сақтап, дұрыс басқаруға бағытталған жауапты шешім”, – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

NNEF қоры университетті 2018 жылы сатып алған және сол кезден бері оны дамыту мен жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда. Сол уақыт ішінде студенттер саны 1,8 мыңнан 9 мыңға дейін өскен.

“Университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қор шамамен 14 миллиард теңге инвестиция салды. Инженерлік жүйелердің 90%-ы жаңартылды, ішінара күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңа жұмыс орындары құрылды. Қазір ҚБТУ-да 1000-нан астам қызметкер мен оқытушы жұмыс істейді.

Сонымен қатар екі заманауи жатақхана (980 орынға) және 2400 шаршы метрлік спорт кешені салынды. Университет қаржылық тұрақтылығын сақтай отыр, барлық пайда инновациялық даму мен әлеуметтік бағдарламаларға бағытталады. Қордың жоспары – жаңа оқу кампусын салу”, – деп қосты қор өкілдері.

Еске салсақ, бұған дейін 2024 жылғы ақпанда Алматы прокуратурасы “ҚазМұнайГаз” бен NNEF қорына қарсы шағым түсіріп, келісімнің бағасы кемінде екі есе төмен көрсетілгенін және мемлекетке зиян келтіргенін мәлімдеді. 2025 жылғы ақпанда сот шешімі бойынша университет акциялары Қайтарылған активтерді басқару компаниясына берілген еді. Алайда 2025 жылы қыркүйек айының соңында Қазақстан-Британ Техникалық Университеті Нұрсұлтан Назарбаев білім қорының меншігіне қайта өтті.