"Ашық НҚА" порталындағы шектеулер жойылғаннан кейін нарық біртіндеп еркін баға белгілеуге көше бастады.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Биыл жазда бензин бағасы өсе ме және Қазақстанда отын құны бірден 100 теңгеге қымбаттауы мүмкін бе? Мәжіліс кулуарында бұл сұрақтарға энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жауап берді, деп жазады tengrinews.kz.
Не болды?
Мәжіліс кулуарында журналистер энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен бензин бағасының өсу шегі бар ма және баға бірден 100 теңгеге көтерілуі мүмкін бе деп сұрады.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік реттеу жойылғаннан кейін отын құны енді нарыққа - ел ішіндегі сұраныс пен ұсынысқа байланысты белгіленеді.
"Мендегі ақпарат бойынша, баға 3–4 теңгеге өсті", – деп мәлімдеді Ақкенженов.
Толығырақ
Жаздың аяғына дейін тағы да қымбаттай ма деген сұраққа министр мемлекет енді бағаны белгілемейтінін тағы да қайталады.
"Біз нарықты реттемейміз. Егер нарыққа қатысушылар 3–4 теңгеге көтеруді әділ деп санаса, баға өзгереді", – деді ол.
Бұл ретте министр отын құны, мысалы, 100 теңгеге дейін күрт көтерілуі мүмкін деген болжамдарды қолдамады.
"Мен олай ойламаймын. Нарықтық баға бар. Қазір мұнай құны тым жоғарылап кеткен жоқ - ол барреліне шамамен 93,5 доллар деңгейінде тұр. Қазақстандықтарды сабырға шақырғым келеді, Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр және бағаны ұстау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды", - деді Энергетика министрлігінің басшысы.
Мән-жайы
2025 жылы Энергетика министрлігі жанармай бағасы бойынша мораторий белгілеген болатын: АИ-92 бензині литріне 213–239 теңге, дизель - 317–337 теңге аралығында болуы тиіс еді. Соның арқасында баға былтыр жыл бойы және 2026 жылдың алғашқы айларында салыстырмалы түрде тұрақты болды.
"Ашық НҚА" порталындағы шектеулер жойылғаннан кейін нарық біртіндеп еркін баға белгілеуге көше бастады.


