Құжат 2026 жылғы 13 ақпанда Әділет министрлігінде тіркелді (№37975).
Фото: aigak.kz
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі микро және шағын бизнес субъектілеріне салық берешегінің негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруға мүмкіндік беретін Қағидаларды бекітті, деп жазады inbusiness.kz.
Бұл шара кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайту және қарыздарын қосымша санкцияларсыз реттеуге мүмкіндік беру мақсатында қабылданды.
Егер кәсіпкер 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепте тұрған салық берешегінің (негізгі қарыздың) толық сомасын 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында өтесе, онда:
– толық өтеген күнге дейін есептелген өсімпұлды қоса алғанда, барлық өсімпұл есептен шығарылады;
– берешегі өтелген салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салынған айыппұлдар есептен шығарылады;
– сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚҚС бойынша есепке тұрмау кезеңінде жасалған айналымдар үшін салынған айыппұлдар (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмаған жағдайда) есептен шығарылуы мүмкін.
Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін негізгі қарыз сомасын 2026 жылғы 31 наурызға дейін толық төлеу қажет.
Одан кейін есептен шығару мемлекеттік кірістер органдары жанындағы арнайы комиссиялардың дербес шоттарды тексеруі нәтижесінде жүзеге асырылады.
Қабылданған Қағидалар кәсіпкерлерге бұрынғы берешектерін қосымша қаржылық шығындарсыз жабуға, қарыз жүктемесін азайтуға және алдағы уақытта санкциялар есептелу қаупінсіз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Бұл бизнеске берешекті реттеп, жиналған өсімпұлдар мен айыппұлдарсыз қызметін жалғастыруға берілген мүмкіндік.


