Әзірлеуші органның мәліметінше, аталған бастама «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заң талаптарын іске асыруға бағытталған және оны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарларға әкелмейді.
Фото: Қорғаныс министрлігі
ERNUR.KZ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар туралы мәліметтермен алмасу қағидаларын бекіту жөніндегі қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп жазады inform.kz.
Құжатта Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасында ақпарат алмасу тәртібі айқындалып, бұл тетік әскери қызмет өткеру кезеңінде қарыздар бойынша төлемді кейінге қалдыруды ұсыну және жеке тұлғаның кредиттік есебінде тиісті мәртебені көрсету мақсатында жүзеге асырылатыны көрсетілген.
— Жобада банктер мен микроқаржы ұйымдарының шақыру жасындағы жеке тұлғаның кредит алу жөніндегі өтінімі түскен кезде оның кредиттік есебіндегі мәртебесін тексеру қажеттілігі көзделген. Егер кредиттік есепте жеке тұлғаның мерзімді әскери қызметті өткеруі туралы мәліметтер болса, банктер мен микроқаржы ұйымдары кредит беру туралы өтінімді қабылдамайды, — делінген қоғамдық талқылауға шығарылған қаулы жобасында.
Әзірлеуші органның мәліметінше, аталған бастама «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заң талаптарын іске асыруға бағытталған және оны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарларға әкелмейді.
Еске сала кетейік, былтыр мерзімді әскерилердің 9 млрд теңге несиесі кейінге шегерілгенін жазғанбыз.


