Мемлекет үшін бір күннің қамы емес, болашақтың жайы маңызды – Тоқаев

0
116

Президент бүгінде әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес екенін айтты.


Мемлекет үшін бір күннің қамы емес, болашақтың жайы маңызды – Тоқаев

ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз екенін айтты, деп жазады Zakon.kz.


Президент бүгінде әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес екенін айтты.

"Біз биік мақсаттарға ұмтылып, тек қана алға – жарқын болашаққа қарай жүруіміз керек. Келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет. Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын".Қасым-Жомарт Тоқаев

Оның айтуынша, халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала береді. Бұл – елдің табысты дамуының бірден-бір шарты, тиімді әрі ұзақмерзімді факторы.

"Реформалардың бастапқы кезеңінде еліміздегі көзі ашық және прогрессивті қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар аясында бірігуі қажет деп санаймын. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттілігімізді нығайту ісінде табысқа жете аламыз".Мемлекет басшысы


️Мемлекет басшысы біз өркениетті әрі озық ойлы ұлт ретінде өзімізге сенімді болуымыз керек екенін жеткізді.

"Ешкімге жалтақтамай батыл әрекет етуіміз қажет. Бұдан басқа жол жоқ. Мақсаты айқын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мемлекет тағдырына жауапты екенін терең түсінеді. Олар еріктілер қатарына қосылып, қайырымдылық жасап, маңызды бастамаларды табысты іске асырып жүр. Нағыз отаншыл адам көзбояушылыққа бармайды, шын патриот ел мүддесі үшін табанды еңбек етеді. Жасампаз отаншылдық дегеніміз де – осы".Қасым-Жомарт Тоқаев

Оның айтуынша, мемлекет үшін бір күннің қамы емес, болашақтың жайы маңызды.

"Сондықтан біз Абайдың ұлағатына сай "ақырын жүріп, анық басамыз". Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, алысқа көз тігеміз. Төл тарихымызға құрметпен қарап, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға баса назар аударамыз. Бұл бағытта белсенді жұмыс істелуде. Жошы хан жерленген Ұлытау аймағына облыс мәртебесі берілді. Елімізде Жошы ұлысын зерттеу институты құрылды. Біз бұл мекеменің ғылыми әлеуетін күшейте береміз. Көп ұзамай Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегі жарыққа шығады. Оның бір томы түгелдей Алтын Орда тақырыбына арналды".Президент