Маңғыстауда әскери техниканың үлкен колоннасы қайда барады: Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

0
150

​Ведомствоның мәліметінше, әскери техниканың қозғалысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.


Маңғыстауда әскери техниканың үлкен колоннасы қайда барады: Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

Фото: Қорғаныс

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Маңғыстау облысындағы Боранқұл ауылында теміржол станциясында түсірілген видео тарады. Кадрларда танктер мен әскери жүк көліктері тиелген жүк пойызы көрінеді. Видео жұрт арасында тез таралып, өңір тұрғындары арасында түсінбеушілік туғызды. Қорғаныс министрлігінің өкілі оқиғаға қатысты жауап берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ведомствоның мәліметінше, әскери техниканың қозғалысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр және жауынгерлік дайындық іс-шараларымен байланысты.

«Әлеуметтік желілерде әскери техниканың қозғалысына қатысты тараған хабарламаларға байланысты бұл қозғалыс жауынгерлік дайындық іс-шаралары аясында жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын хабарлаймыз. Техниканың орын ауыстыруы Маңғыстау облысындағы полигондардың бірінде артиллериялық бөлімшелердің оқу-жаттығу іс-шараларын өткізумен байланысты. Мұндай қозғалыстар далалық сабақтар мен оқу жиындарын ұйымдастыру кезінде қалыпты тәжірибе болып саналады», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Сондай-ақ ведомство әлеуметтік желі қолданушылары мен журналистерге тексерілмеген ақпаратты таратпауға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Осылайша, Қорғаныс министрлігі видеода көрсетілген техниканың қозғалысы тек оқу-жаттығу шараларына байланысты екенін және бөлімшелердің жоспарлы дайындығы аясынан шықпайтынын атап өтті.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуежай, порт, инфрақұрылым сияқты маңызды нысандардың қауіпсіздігін күшейтуді тапсырған болатын.