Құтқарушыларға тұрғын үй төлемдері қалай беріледі

0
145

Биыл шамамен 18 мың ТЖМ қызметкері тұрғын үй жәрдемақысымен қамтылады.


Құтқарушыларға тұрғын үй төлемдері қалай беріледі

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев құтқарушыларға арналған тұрғын үй төлемдері қалай берілетінін түсіндірді, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, биыл шамамен 18 мың ТЖМ қызметкері тұрғын үй жәрдемақысымен қамтылады. Төлем көлемі тұрғын үй бағасының өзгеруіне, инфляция деңгейіне, қызмет өткеретін өңіріне және отбасы жағдайына байланысты өзгеріп отырады.

− Мысалы, Астанада шамамен 92 мың теңге. Бұл сома жыл сайын өзгеріп отырады. Үкімет тұрғын үйді жалға алу құнын реттейді. Өскеменде − 49 мың теңге, Семейде − 48 мың теңге. Әр қалада бір адамға арналған төлем сомасы Үкімет қаулысымен бекітіледі, − деді Кеген Тұрсынбаев Сенат кулуарында.
Вице-министрдің айтуынша, төрт адамнан тұратын отбасы үшін Үкімет қаулысымен шартты түрде 50 мың теңгеден белгіленеді. Осылайша, бір отбасыға 200 мың теңге тағайындалады.
− Заң 30 маусымда күшіне енген соң, тұрғын үй төлемдері басталады. Сол уақытқа дейін біз өзіміздің заңға тәуелді актілерімізді дайындауымыз қажет. Тұрғын үй төлемі туралы арнайы ереже қабылданады. Бізде бұл іспен айналысатын арнайы бөлім жұмыс істейтін болады: кімге төленетінін, кімге төленбейтінін анықтайды, — деп толықтырды вице-министр.

Айта кетейік, Сенат «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдады.

Онда азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен олардың отбасыларына тұрғын үй жәрдемақысы, көтерме төлемдер және жеке мүлкін көшіру шығындарын өтеу қарастырылған.
Сондай-ақ, әскери немесе төтенше жағдай кезінде, терроризмге қарсы операциялар немесе төтенше жағдай жарияланған аумақта апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қызметкерлерге 3 есе мөлшерде ақшалай өтемақы төлеу көзделген.