Бұдан былай нақты санаттарға кіретін азаматтарға берешекті өтеу мерзімін кемінде үш айға кейінге қалдыру болады
ERNUR.KZ. Қазақстанда микрокредит пен банк несиесін беру талаптарына өзгеріс енгізілді. Бұдан былай нақты санаттарға кіретін азаматтарға берешекті өтеу мерзімін кемінде үш айға кейінге қалдыру болады. Ол үшін нақты талаптарға сай болу қажет, деп жазады sputnik.kz.
Жаңа мүмкіндіктер қандай?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын және төтенше оқиғалардан зардап шеккен қарыз алушы - жеке тұлғаларға комиссиялар мен өзге де төлемдер алынбай, кемінде үш ай мерзімге берешекті өтеу бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігін беруге міндетті.
"Ондай мүмкіндік "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушының өтініш бергенге дейінгі екі айдағы орташа айлық кірісі алдыңғы он екі айдағы кіріспен салыстырғанда 30%-дан астам төмендеген жағдайда не атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған кезде беріледі", - дейді агенттік мамандары.
Ал кредиторлар тарапынан осы рәсімдерді кешіктіру және өтініштен негізсіз бас тарту сияқты әрекеттерге жол бермеу мақсатында мерзімі өткен берешекті реттеуге қажетті құжаттардың бірыңғай тізбесі енгізілді.
Қандай құжаттар қажет
Микроқаржы ұйымы мен банктегі мерзімі өткен берешекті реттеуге қажетті құжаттар:
жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама;
қарыз алушының соңғы алты айдағы кірісі туралы анықтама;
жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату, еңбекақысы сақталмайтын демалыс беру туралы актісі немесе уақытша еңбекке жарамсыздық туралы құжат;
жұмыс орнынан еңбекақысы көрсетілген анықтама және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді-көшірме;
қарыз алушының жүктілігіне және баланың тууына, жаңа туған баланы асырап алуына байланысты не ол үш жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша демалыста болғанын растайтын құжат.
Кейбір кредиттер бірден берілмейді
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова қандай кредиттер бірден берілмейтінін айтқан болатын. Жақында қабылданған заңға сәйкес, тұтынушылық кепілсіз онлайн-кредиттерді рәсімдеу кезінде "шешім қабылдау кезеңі" енгізіледі. Негізгі мақсат – халықты алаяқтардан қорғау және дұрыс шешім қабылдауға уақыт беру.
"Енді 255 АЕК-тен, яғни, 1 млн теңгеден асатын барлық кредит бойынша 24 сағаттық "шешім қабылдау кезеңі" енгізіледі. Банк осы уақыттың ішінде алаяқтардың бар-жоғын, кридеттің қандай мақсатта ресімделіп жатқанын және тағы басқа қауіп-қатерлерді тексеруге міндетті. Өтініш берген адам да ойланып, кредит алудан бас тарта алады", - дейді Әбілқасымова.
Ал 150-250 АЕК, яғни, 600 мың мен 1 млн теңге аралығындағы кредиттер бойынша 8 сағаттық "шешім қабылдау кезеңі" болады.