Бұған дейін мектеп директоры қызметінен босатылып, оқу ісінің меңгерушісі мен екі сынып жетекшісіне қатаң жаза қолданылғаны хабарланған еді.
Фото:gov.kz
ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы облысында оқушы қаза болған мектептің басшылығын жақтады, деп жазады tengrinews.kz.
Бұған дейін мектеп директоры қызметінен босатылып, оқу ісінің меңгерушісі мен екі сынып жетекшісіне қатаң жаза қолданылғаны хабарланған еді.
Бейсембаевтың айтуынша, мектеп оқушыларының мектептен тыс жердегі әрекеттеріне ата-аналары жауап беруі тиіс.
"Мен қоңырау шалып, жұмыстан шығаруға тыйым салдым. Мен директор мен сынып жетекшісін қорғадым. Олар өздеріне жүктелген міндетті толық орындады: ата-аналарды ескертті, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етті. Ал бұл шара ата-аналардың бастамасымен ұйымдастырылған", – деді министр Мәжіліс кулуарында.
"Неге екені белгісіз, бір жағдай бола қалса, біз бірден кінәліні мұғалімдер арасынан іздейміз. Бұл дұрыс емес. Балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік мұғалімдер мен ата-аналарда бірдей болуы керек. Бұл жауапкершілік бөлінбеуі керек", – деді Бейсембаев.
Сондай-ақ, ол әкімдіктерді "Педагог мәртебесі туралы" заңды сақтауға және мұғалімдерге қысым жасамауға шақырды.
Соңғы қоңырау рәсімінен кейін Қырғауылды ауылындағы мектеп түлектері мерекені атап өту үшін Долан ауылынан жеке үй жалдаған. Мектеп әкімшілігінің айтуынша, кешке екі бітіруші сыныптың оқушылары жиналған.
Трагедия кеш басталғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң болған. Марқұм Әлибидің туыстарының айтуынша, кеш соңына қарай балалардың бірі қолына кәуәп пісіретін шампурды алып, басқаларды қорқыта бастаған. Әліби оны сабырға шақырмақ болғанда, жүрек тұсына соққы жасаған. Ол бір ауыз сөз айтуға да үлгермей, оқиға орнында жан тапсырған.
Мектеп директорының айтуынша, мектеп әкімшілігі түлектер кешінен бейхабар болған. Соңғы қоңырау қарсаңында ата-аналардан балалардың мектептен тыс жерде ешқандай шараға қатыспайтыны туралы қолхат алынған.
Күдіктінің ата-анасы – баланы тәрбиелеу міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.