Көкөністен бастап ішімдікке дейін: ақпанда қымбаттайтын Ресейден келетін тауарлар тізімі

0
103

Ақпан айында Ресейден импортталатын азық-түлік бағасы едәуір өседі.


Көкөністен бастап ішімдікке дейін: ақпанда қымбаттайтын Ресейден келетін тауарлар тізімі

Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

ERNUR.KZ. Сарапшылардың айтуынша, бұл жолы бағаның қымбаттауы тек маусымдық факторға ғана емес, Ресейдегі салық жүйесінің түбегейлі өзгеруіне, сондай-ақ өндірістік шығындардың күрт өсуіне байланысты, деп жазады zakon.kz.

Салықтық қысым

Экономист Хаджимурад Белхароевтің пікірінше, ақпандағы баға түзетуі қаңтар айында жиналған әсердің нәтижесі. Негізгі себеп – Ресейде қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесінің 20%-дан 22%-ға дейін өсуі.

Осылайша, әлеуметтік маңызы бар тауарларға (нан, сүт және т.б.) жеңілдіктер қарастырылғанымен, бизнеске түсетін жалпы салық жүктемесі арта түспек.

Талдау нәтижесі бойынша баға ең қатты өсетін тауар топтары анықталды:

  • Жылыжай өнімдері: ақпанда сатылымға түсетін қияр мен қызанақтың бағасы 20%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұған қыс мезгіліндегі жылыту мен жарықтандыру шығындары негізгі әсер етуде.
  • Алкоголь мен темекі: қымбаттаудағы "антирейтингтің" көшбасшылары (баға өсімі 30%-ға дейін). Себебі Ресейде акциздердің жоспарлы түрде көтерілуі автоматты түрде импорт бағасына әсер етеді.
  • Қаптамадағы бакалея өнімдері: экологиялық алымдардың өсуіне байланысты макарон, печенье және шоколад бағасы айтарлықтай қымбаттайды.
  • Ет өнімдері: Ресейден келетін шошқа және сиыр еті 10–20% аралығында қымбаттайды. Бұл Ресей нарығындағы инфляциямен байланысты: 19 қаңтардағы дерек бойынша жылдық инфляция 6,4%-дан асты.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанның Ресейден азық-түлік импорты 540 млн доллардан асады. Біз қант, балық, сүт өнімдері мен кондитерлік бұйымдар бойынша солтүстік көршімізге айтарлықтай тәуелдіміз.

Жағдайды күрделендіретін тағы бір жайт – кейбір тауар түрлері бойынша Ресейдегі ішкі бағалар қазірдің өзінде Қазақстандағы бағадан жоғары. Мысалы, Ресейде 10 дана жұмыртқа 1,2 доллар, ал Қазақстанда 1,1 доллар тұрады.

Бұл айырмашылық бағаны теңестіруге түрткі болады. Яғни, ресейлік өндірушілер тауарды ішкі нарықта сата береді немесе Қазақстанға экспорт бағасын көтереді.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың ақпаны дәстүрлі түрде "бағаға бейімделу" айы болады. Ресейде қаңтардың алғашқы жартысында тұтыну бағалары 1,72%-ға өскенін ескерсек, қазақстандықтарға супермаркеттердегі Ресейден әкелінетін азық-түлік бағасының 5–15% аралығында қымбаттауына дайын болу керек.