Әлеуметтік желілерде Минскінің қақ ортасында, дәл тротуардың үстінде тұрған қазақстандық VIP-нөмірлі Mercedes-Benz G-Class автокөлігінің фотолары тарады.
«Минск қалалық атқару комитеті ІІББ МАИ» Telegram-арнасынан алынған фото
ERNUR.KZ. Қазақстанның 32 жастағы тұрғыны Минск қаласында (Беларусь Республикасы) жол жүру ережесін өрескел бұзды, деп жазады tengrinews.kz.
Не болды?
Әлеуметтік желілерде Минскінің қақ ортасында, дәл тротуардың үстінде тұрған қазақстандық VIP-нөмірлі Mercedes-Benz G-Class автокөлігінің фотолары тарады. Кейінірек дәл осы көлік сауда орталықтарының біріндегі автотұрақта ешқандай заңды негізсіз мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орынды иеленіп тұрған жерінен байқалды.
Минск қалалық атқару комитетінің хабарлауынша, Мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері жүргізушінің кім екенін анықтаған - көлік тізгінінде Қазақстан азаматы болған. Тексеріс барысында құқық қорғаушылар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, тағы бір заңбұзушылықты анықтады: әйел екі жасар баланы алдыңғы орындықта арнайы балалар құрылғысынсыз тасымалдаған.
Бұл жағдай неліктен резонанс тудырды?
Минскілік автоблогер Дмитрий Новицкийдің айтуынша, бұл заңбұзушылықтар қала тұрғындарының арасында үлкен наразылық тудырған. Оған көліктің қай елден келгені немесе оның қымбаттығы емес, жол ережесінің өрескел бұзылу фактісі себеп болған.
"Минск үшін мұндай жағдай қисынсыз. Бұл қаланың тарихи орталығы әрі жаяу жүргіншілер аймағы болғандықтан, мұндай әрекеттер өте ауыр қабылданады. Оның үстіне, Беларусьте көлік тұрағына бақылау жасаудың өте қатаң жүйесі қалыптасқан", - деп түсіндірді Дмитрий.
Оның сөзінше, Минск тұрғындары жүргізушілер тарапынан болатын құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбейді.
"Бізде қалалық чаттар мен Telegram-боттар белсенді жұмыс істейді, тұрғындар заңбұзушылықтар туралы ақпаратты өздері жібереді. Сондықтан мұндай оқиғалар тез арада көпшілікке жария болады", - деп атап өтті ол.
Дмитрий Lamborghini суперкарының иесіне қатысты болған ұқсас оқиғаны айтып берді.
"Есімде, тіпті қонақүйлердің бірінің жанына Беларусь нөмірлі Lamborghini қойылған кездің өзінде ол қызу талқыланған болатын. Сондықтан G-Class-пен болған оқиға көліктің тіркелген еліне байланысты емес, Минскіде мұндай мінез-құлық айналадағыларға құрметсіздік деп саналатындықтан резонанс тудырды. Егер көлікте беларусь нөмірі болса да, реакция бұдан кем болмас еді", - деді Новицкий.
Пікір қалдырушылар не дейді?
Видео астындағы пікірлерде бұл заңбұзушылық бойынша тиісті шешім қабылдау үшін оны жергілікті органдардың чат-ботына жіберу қажеттігі айтылған:
- "негізі, мұндай заңбұзушылықтарға МАИ мен эвакуатор жедел әрекет етеді";
- "Telegram-да ІІМ-нің ресми чат-боты бар, сол жерге заңбұзушылықтың фотосы мен сипаттамасын жіберуге болады";
- "эвакуатор қас қағым сәтте жұмыс істейді, әсіресе емхана маңында".
Қазақстанда шетелдіктер жол ережесін қанша рет бұзған?
Құқықтық статистика комитеті редакцияға 2026 жылдың алғашқы бес айында шетелдік жүргізушілерге қатысты жалпы сомасы 2 163 704 944 теңгеге 155 775 бұйрық шығарылғанын хабарлады.
Дегенмен, әзірге айыппұлдардың тек бір бөлігі ғана төленді: жалпы сомасы 844 186 369 теңгені құрайтын 59 823 бұйрық.
ІІМ төленбеген айыппұлы бар шетелдіктерге Қазақстанға келуге тыйым салынуы мүмкін екенін хабарлады. Мұндай норма "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" заңда қарастырылған.


