Халық арасында суға ұқыпты қарау мәдениеті кеңінен насихатталып жатыр

0
91

Су үнемдеу жұмыстары өнеркәсіптік кәсіпорындарды да қамтиды.


Халық арасында суға ұқыпты қарау мәдениеті кеңінен насихатталып жатыр

ERNUR.KZ. Су кодексінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың 7 жыл ішінде айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшуі жөніндегі міндетті талап көзделген. Бұл шара 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін қазіргі 13,3%-дан 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев ОКҚ брифингінде осылай деді.

Қосымша нормативтік құқықтық актілер қабылдануда. Олар су пайдаланушылар іс-шаралар жоспарларын орындамаған жағдайда рұқсат етілген су пайдалану көлемдерін қысқартуды, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындардың айналымды және қайта сумен жабдықтауға көшу жоспарларының нысаны мен мазмұнын регламенттейді.

«Аталған жоспарлар өндірістік емес су шығындарын кезең-кезеңімен азайтуды көздейді. Бүгінгі таңда 191 көшу жоспары әзірленді, 91 жоспар келісу сатысында, 278 жоспар бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы шаралар шеңберінде Министрлік өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдерімен Су кодексінің және суды қайта және айналымды пайдалану жүйесіне көшу бөлігіндегі нормативтік құқықтық актілер нормаларын түсіндіру мақсатында кездесулер кестесін бекітті», – деді вице-министр.

Сондай-ақ қазір суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында табиғи ресурстарды, оның ішінде суды үнемдеу бойынша кешенді жұмысты жолға қою қажеттігін, сондай-ақ азаматтар, әсіресе өскелең ұрпақ арасында түсіндіру және идеологиялық жұмыстар жүргізудің маңыздылығын тағы да атап өтті. Министрлік халық арасында су үнемдеу мәдениетін насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Су үнемдеу жөніндегі жол картасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап әуежайларда, қоғамдық көліктерде және әкімшілік ғимараттарда ақпараттық материалдарды орналастыру арқылы су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін арттыру жөніндегі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2025–2026 оқу жылында «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы аясында мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында су үнемдеу тақырыбында түсіндіру іс-шаралары өткізіліп, 3,3 миллионнан астам білім алушы қамтылды.

Мектептерде бірыңғай білім беру әдістемесі шеңберінде «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы факультативтік сабаққа айналуда. Оның аясында оқушылар су ресурстарына байланысты ғылыми жобалармен айналысады. Бірыңғай коммуникациялық бейне – «Тамшы» анимациялық кейіпкері құрылды, ол тиімді су үнемдеудің символына айналды.

Тамшы әлеуметтік бейнероликтердің, экологиялық-ағартушылық ертегілердің, білім беру ойындарының және балалар мен жастарға арналған интерактивті контенттің негізгі кейіпкері ретінде пайдаланылуда.