Жерасты сулары мемлекеттік мониторинг желісінде шамамен 4 мың ұңғыма бар

0
94

2040 жылға дейін қолданыстағы ұңғымаларды кезең-кезеңімен қалпына келтіру және қайта бұрғылау, сондай-ақ 1 000-нан астам жаңа ұңғыма бұрғылау көзделуде.


Жерасты сулары мемлекеттік мониторинг желісінде шамамен 4 мың ұңғыма бар

ERNUR.KZ. Бұл бүкіл ел аумағындағы бақылау пунктілерінің санын 5 000-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев ОКҚ алаңында осылай деді.

«2026 жылы мониторинг еліміздің барлық 17 облысында жүргізілуде. Желіні жаңғырту шеңберінде 135 ұңғыма бұрғылау, 139 ұңғыманы жөндеу және тазалау, сондай-ақ 3 396 ұңғыманы үрлеп тазарту жоспарланып отыр. 2027 жылы режимдік бақылаулар жалғасады. Жұмыстар шеңберінде жерасты суларының деңгейі мен сапасына бақылау жүргізу, гидрогеодинамикалық, гидрогеохимиялық және геотермиялық көрсеткіштерді талдау, бақылау нәтижелерін өңдеу және жүйелеу, сондай-ақ Мемлекеттік су кадастрын және жерасты сулары жөніндегі деректер банкін жүргізу көзделген», – деді Т. Момышев.

Сонымен қатар бақылау желісін қалпына келтіру, оның ішінде жекелеген бақылау ұңғымаларын тазалау және қайта бұрғылау жұмыстары жоспарланған.

Бүгінде гидрогеология саласын цифрландыруға ерекше назар аударылуда. Қазақстан Республикасының Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесіне мониторингтік және пайдалану ұңғымалары туралы мәліметтерді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік мониторингтің 3 мыңнан астам бақылау ұңғымасы бойынша деректер енгізіліп, олардың геоақпараттық жүйеде байланыстырылуы жүргізілді және деректер қателер мен қайталанулардан тазартылды. Нәтижесінде жерасты суларының қорлары мен сапасы, іздеу-бағалау жұмыстарының нәтижелері, мониторинг, бұлақтар, пайдалану, бақылау және өздігінен төгілетін ұңғымалар туралы ақпаратты қамтитын бірыңғай цифрлық платформа қалыптастырылады.

Сонымен қатар бұлақтарды зерттеп-қарауды және қор материалдарын цифрландыруды қамтитын бірыңғай цифрлық гидрогеологиялық дерекқор қалыптастырылуда. Жұмыстар Жамбыл облысында басталды, онда 586 бұлақ зерттелді. Алдағы уақытта зерттеп-қарау жұмыстары кезең-кезеңімен еліміздің барлық өңірлерін қамтиды, ал алынған деректер жерасты суларының жай-күйін есепке алу, мониторингтеу және талдау үшін бірыңғай база қалыптастыру мақсатында Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесіне енгізіледі.

Түпкі нәтиже – бұрын жүргізілген зерттеулердің қайталануын қысқартуға, бастапқы деректерді дайындауды жеделдетуге және жерасты су ресурстарын басқару саласындағы шешімдердің негізділігін арттыруға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық гидрогеологиялық ақпараттық база құру.