Суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйінің карталары әзірленді

0
103

Су ресурстары министрлігі тұрақты негізде суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг пен бағалау жүргізеді.


Суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйінің карталары әзірленді

ERNUR.KZ. Жұмыстар шеңберінде жерасты суларының деңгейіне, минералдануына және химиялық құрамына бақылау жүргізу, топырақ-тұз зерттеулерін өткізу, су мен топырақ сынамаларын іріктеу және зертханалық талдау, сондай-ақ суару және коллекторлық-дренаждық желінің жай-күйін бағалау көзделген. ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышевтың ОКҚ брифингінде айтуынша, жұмыстардың қорытындысы бойынша суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйінің карталары әзірленіп, тұздану және су басу қаупіне ұшыраған аумақтар айқындалады, сондай-ақ суару режимдерін түзету және коллекторлық-дренаждық желіні қалпына келтіру жөнінде ұсынымдар әзірленеді.

«Сонымен бірге суармалы егіншілікте заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аударылуда. Белгілі болғандай, ауыл шаруашылығы су ресурстарының ең ірі тұтынушысы болып табылады – жалпы су тұтынудың шамамен 60%-ы осы салаға тиесілі», – деді вице-министр.

Су үнемдеу суару технологияларын енгізу мәселелерін кешенді шешу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялау, сондай-ақ су үнемдеу суару технологияларын енгізуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін субсидиялау функциялары Министрлікке берілді. 2024 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді су үнемдеу суару технологияларына көшуге ынталандырудың негізі қаланды.

Атап айтқанда, инфрақұрылым тарту кезінде ұңғымаларды бұрғылауға жұмсалған фермерлер шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алу мен орнатуға жұмсалған шығындар бойынша да қолдау күшейтілді.

Тариф құнына қарай субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді. Қабылданған шаралар нақты нәтижелер беруде. Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылған алаң 158,8 мың гектарды құрады. Жалпы қамтылған аумақ - 702,3 мың га. 2030 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл суармалы суды 30%-ға дейін, немесе 2,2 млрд м³ үнемдеуге мүмкіндік береді.

2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру шеңберінде су үнемдеу суару технологияларын енгізуге арналған инвестициялық шығындарды субсидиялау 214,6 млрд теңге көлемінде жеке бағыт ретінде бөлінді. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңдегі көлемнен 4 есе артық. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге қарастырылған.