Ел мектептерінде «Суды үнемде - болашақты сақта!» жобасы белсенді жүзеге асып жатыр

0
90

«Адал Азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2026–2027 оқу жылында Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында эко-сағаттарды өткізуді жалғастыру жоспарланған.


Ел мектептерінде «Суды үнемде - болашақты сақта!» жобасы белсенді жүзеге асып жатыр

ERNUR.KZ. Жаңа оқу циклі шеңберінде Астана қаласының мектептері базасында елшілер мен халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуымен және облыстарды бассейндік қағидат бойынша қоса отырып, 9 эко-сағат өткізу жоспарлануда. Бұл жайында ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев ОКҚ брифингінде айтты.

Циклдің әдістемелік негізі тиімді су тұтыну мәдениетін қалыптастыруға арналған 17 тақырыптық бөлімнен тұратын «Су сандығы» оқу-әдістемелік кешені болады.

«Аталған ресурс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен келісіліп, білім беру ұйымдарының оқу процесінде пайдалануға ұсынылды. Перспективалы бағыттардың бірі – Астана қаласындағы «Таным» қосымша білім беру орталығы базасында үйірме, факультативтік және жобалық-зерттеу қызметінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Қазақстандағы алғашқы STEM-білім беру және экологиялық ағарту бағытындағы «Aqua Lab» жобасын құру. Бұл формат суды ұқыпты пайдалану тақырыбын STEM-білім берумен, практикалық зерттеулермен және білім алушылардың жобалық қызметімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Жобаның жаңа бағыттарының бірі – «Тамшының шытырман оқиғалары» атты 7 экологиялық ертегіні дайындау және тарату»,- деді вице-министр.

Бұдан бөлек, бағдарлама шеңберінде балалар мен жастар арасында суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-ағартушылық басылым – «Суды үнемде – болашақты сақта!» журналы шығарылатын болады.

Сондай-ақ жаңа оқу циклінің алғашқы іс-шараларының бірі Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназия базасында өтетін Ата-аналар Су-Форумы болмақ.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің басшылығы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, ата-аналар комитеттерінің төрағалары және халықаралық әріптестер қатысады.

Аталған іс-шараның мақсаты – отбасыларда су үнемдеудің тұрақты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.