Жалпы қаржыландыру көлемі -525,8 млн теңге.
ERNUR.KZ. Еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын ескере отырып, су қорларын кезең-кезеңімен зерттеуді, бағалауды және шаруашылық айналымға тартуды қамтамасыз ететін жерасты суларын іздеу және бағалау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Ведомство вице-министрі Талғат Момышевтың ОКҚ алаңында хабарлауынша, 2026 жылдың соңына дейін іздеу-бағалау жұмыстары бойынша 38 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Жалпы қаржыландыру көлемі -525,8 млн теңге.
«Аталған іс-шараларды іске асыру жерасты суларының қорларын қайта бағалау және нақтылау жөніндегі 28 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ Жетісу облысында олардың пайдалану қорларын қайта бағалау және растау мақсатында 3 жобаны аяқтауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Алдағы үш жылдық жоспарлы кезеңде жерасты суларын мемлекеттік іздеу және бағалау жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу шеңберінде 88 жобаны іске асыру жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыру іздеу-барлау және қосымша барлау жұмыстарын орындауға, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымалар санын 2026 жылғы 2 256 бірліктен 2030 жылға қарай 2 000 бірлікке дейін азайту көзделген. 2026 жылы осы бағыт бойынша 32 жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде 15 жоба иесіз ұңғымаларды жоюға және 17 жоба оларды зерттеп-қарауға бағытталған. Жыл соңына дейін 10 жоба шеңберінде 54 ұңғыманы жою, сондай-ақ Атырау, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Ұлытау облысында 698 ұңғыманы зерттеп-қарау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 2027–2029 жылдары ұңғымаларды жою бойынша 3 жобаны және зерттеп-қарау бойынша 13 жобаны іске асыру көзделген. Іс-шараларды іске асыру қорытындысы бойынша 10 иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғыманы жою және еліміздің 13 облысында 1 644 ұңғыманы зерттеп-қарау жоспарланған.
Аталған іс-шараларды іске асыру иесіз өздігінен төгілетін ұңғымалар санын қысқартуға, жерасты суларының ұтымсыз пайдаланылуына жол бермеуге, аумақтардың экологиялық және санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


