Іріктеу тестілеуіне GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары шамамен 2 мыңнан астам жас маман қатысуға ниет білдірді.
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі
ERNUR.KZ. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жас педагогтерді іріктеу және кәсіби сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп жазады inform.kz.
Іріктеу тестілеуіне GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары шамамен 2 мыңнан астам жас маман қатысуға ниет білдірді.
Тестлеудің алғашқы легі Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде басталды Іріктеу барысында қатысушылардың пәндік құзыреттері мен әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары сараланады.
Нәтижесінде әр педагог бойынша кәсіби профиль қалыптастырылып, ол мектеп директорларына жас маманның әлеуетін бағалауға, бейімделу кезеңін тиімді ұйымдастыруға және кәсіби даму бағытын айқындауға мүмкіндік береді.
Барлық нәтиже career.orleu.edu.kz платформасында жинақталады. Бұл — жас педагогтерді ашық әрі тиімді іріктеуге арналған заманауи цифрлық жүйе. Платформа «Келешек мектептері» директорлары үшін қолжетімді және өңірлік сұранысқа, пәндік бағытқа, үміткердің кәсіби даярлығына сәйкес мамандарды іріктеуге мүмкіндік береді.
Осыған дейін «Келешек мектептері» жобасының даму бағыттары айқындалғаны туралы жаздық.


