"Қазгидрометке" өз бетінше табыс табуға мүмкіндік беру қажет – Еділ Жаңбыршин

0
93

Экологиялық мәселелерге қатысты заң жобасын таныстырған депутат қазіргі модель бюджетке артық салмақ түсіріп отырғанын айтты.


Фото: baq.kz

ERNUR.KZ. Оның сөзінше, "Қазгидромет" жұмысын реформалап, мекеменің кей қызметтерін нарықтық жүйеге шығару маңызды, деп жазады inbusiness.kz.

– Қазіргі уақытта "Қазгидромет" қызметтерінің басым бөлігі мемлекеттік монополия аясында жүзеге асырылады. Бұл бәсекелестікті шектейді және бюджет қаражатының өз бетінше табыс әкеле алатын бағыттарға жұмсалуына әкеліп отыр, – деді депутат.

Еділ Жаңбыршин "мекеменің тек стратегиялық маңызы бар бағыттары ғана мемлекет есебінен қаржылануы керек" деп есептейді.

– Халық пен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатысты маңызды қызметтер, халықаралық міндеттемелер және жалпыұлттық жұмыстар бюджеттен қаржыландырылуы тиіс. Ал арнайы ақпараттық қызметтер мен ғылыми-техникалық жұмыстарды мемлекеттік монополиядан шығарып, "Қазгидрометке" өз бетінше табыс табуға мүмкіндік беру қажет, – деді халық қалаулысы.

Депутат мұндай өзгеріс республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтатынына сенеді.

Мұнан бөлек, заңсыз қоқыс полигондарымен күреске қатысты жаңа тетіктер ұсынылды. Егер бастама қабылданса, ретсіз қоқыс үйінділерін жою міндеті қала және аудан әкімдіктеріне жүктеледі.

– Қазіргі тәсіл өңірлердің нақты инфрақұрылымдық және логистикалық шығындарын ескермейді. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының дамуына кедергі келтіріп отыр, – деді Еділ Жаңбыршин.