Қазақстанда жерлеуге берілетін жәрдемақыны төлеу тәртібі өзгереді: Енді ақшаны кімдер ала алады?

0
90

Үкімет 5 қазанда тиісті қаулыны бекітті.


Қазақстанда жерлеуге берілетін жәрдемақыны төлеу тәртібі өзгереді: Енді ақшаны кімдер ала алады?

Фото: Stan.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда қайтыс болған адамды жерлеуге берілетін біржолғы жәрдемақыны төлеу тәртібі өзгермек. Енді мемлекеттен бөлінетін қаржы барлық өтініш берушіге бірдей төленбей, отбасының әлеуметтік жағдайына қарай тағайындалады, деп жазады stan.kz.

Үкімет 5 қазанда тиісті қаулыны бекітті. Жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақыны тағайындаудың жаңа тәртібіне қатысты бұйрық жобасын әзірледі.

Жерлеуге берілетін жәрдемақыны кімдер алады?

Жаңа тәртіп бойынша жәрдемақы тағайындаудағы басты талап – отбасының әлеуметтік тұрғыдан көмекке мұқтаж болуы. Бұған дейін тиісті санаттағы қайтыс болған азаматты жерлеу шығынын көтерген адамдарға төлем тағайындалса, енді өтініш берушінің материалдық жағдайы да ескеріледі.

Азаматтардың әлеуметтік жағдайы Отбасының цифрлық картасы арқылы бағаланады. Жүйе әр отбасының табысын, мүлкін, қарызын және өзге де көрсеткіштерін саралап, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтайды.

Осы мәліметтер негізінде отбасылар A, B, C, D және E санаттарының біріне жатқызылады. Жәрдемақының тағайындалуы мен мөлшері осы бағалау нәтижесіне байланысты болмақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай өзгеріс мемлекеттік көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттау үшін қажет екенін түсіндірді.

"Жоба отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бағалаудың ашық тетігін енгізуді көздейді. Бұл әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілікті объективті түрде анықтауға және көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді министрлік.

Дегенмен азаматтарды әлеуметтік санаттарға бөліп, жәрдемақы тағайындаудың нақты тетігі әзірленіп жатыр.

Жәрдемақы алу үшін өтініш жазудың қажеті болмайды

Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі – төлемді рәсімдеу автоматтандырылады.

Бұдан былай жерлеу жәрдемақысын алу үшін азаматтарға өз бетінше өтініш берудің қажеті болмайды. "Е-макет" ақпараттық жүйесі азаматтық хал актілерін тіркеу органдары мен Бекітілген халық тіркелімі деректеріне сүйеніп, жерлеу рәсімін ұйымдастырған адамды автоматты түрде анықтайды.

Одан кейін сол азаматтың ұялы телефонына SMS хабарлама жіберіледі.

Алайда төлемді алу үшін азамат жеке деректерін өңдеуге келісім беруі тиіс. Осыдан кейін жүйе мемлекеттік органдардағы мәліметтерді және кредиттік бюродағы ақпараттарды тексереді.

Атап айтқанда, азаматтың алған несиелері, берешегі, ай сайынғы төлемдері мен басқа да қаржылық міндеттемелері ескеріледі.

Егер азамат жеке деректерін өңдеуге келісім бермесе, жәрдемақы тағайындаудан бас тартылады.

Ал Отбасының цифрлық картасы азаматты әлеуметтік көмекке мұқтаж деп танып, қажетті мәліметтер расталса, оған төлемді рәсімдеу туралы SMS хабарлама келеді.

Керісінше, жүйе отбасының көмекке мұқтаж емес екенін анықтаса немесе деректерде сәйкессіздік болса, автоматты түрде бас тарту туралы шешім шығарылады.

2026 жылы жерлеуге қанша ақша беріледі?

Қолданыстағы тәртіп бойынша Қазақстанда жерлеу шығындарын өтеуге арналған біржолғы төлемнің мөлшері қайтыс болған адамның әлеуметтік мәртебесіне байланысты.

Егер қайтыс болған азамат жасына байланысты зейнетақы, базалық зейнетақы төлемін немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алып келген болса, оның отбасы мүшелеріне немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға 35 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қаражат төленеді.

2026 жылы бұл сома 151 375 теңгеге тең.

Ал қайтыс болған азамат жасына байланысты зейнетақы алушы әрі Ұлы Отан соғысының ардагері болса, жерлеуге 36,6 АЕК, яғни 158 295 теңге беріледі.

Төлем мөлшері тиісті жылға белгіленген айлық есептік көрсеткішке сәйкес есептеледі.

Жерлеуге арналған ақшаны қайдан алуға болады?

Қазір Қазақстанда жерлеу шығындарына арналған төлемдер екі көзден қарастырылған. Оның бірі – мемлекеттік бюджет, екіншісі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтар.

Мемлекеттік бюджет есебінен берілетін төлем

Қайтыс болған адам зейнетақы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы болса, оның жақындарына не жерлеуді жүзеге асырған азаматқа 35 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді.

Ал Ұлы Отан соғысының ардагері болған зейнеткер қайтыс болған жағдайда төлем 36,6 АЕК болады.

Жәрдемақы мөлшері адам қайтыс болған күнгі АЕК негізінде есептеледі. Оны алу үшін зейнеткер немесе жәрдемақы алушы қайтыс болған күннен бастап үш жыл ішінде жүгінуге болады.

"Жерлеуге арналған біржолғы төлем қаржыландыру көзіне қарай қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне немесе жерлеуді жүзеге асырған адамдарға төленеді", – деп мәлімдеді министрлік.

БЖЗҚ жинақтары есебінен берілетін төлем

Егер қайтыс болған адамның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы болса, оның отбасы мүшелері жерлеу шығындары үшін 94 АЕК-ке дейін қаражат ала алады.

2026 жылы бұл 406 550 теңгеге тең.

Алайда төленетін ақша марқұмның жеке зейнетақы шотындағы жинақ қалдығынан аспауы керек.

Бұл қаражатты алу үшін отбасы мүшесі БЖЗҚ-ға өтініш береді. Ол үшін жеке куәлік, қажет болған жағдайда қайтыс болу туралы куәлік пен туыстық байланысты растайтын құжаттар ұсынылады. Сондай-ақ банк шотының деректемелері қажет.

Отбасының жағдайы қалай бағаланады?

Қазақстанда азаматтарды әлеуметтік әл-ауқат деңгейіне қарай топтастыру жүйесі 2023 жылы қабылданған. Ол "Отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесі" деп аталады.

Аталған әдістемеге сәйкес, отбасылар материалдық жағдайына қарай бес санатқа бөлінеді.

  • А санаты – тұрмысы жоғары отбасылар. Бұл топқа тұрақты әрі жоғары табысы бар, бірнеше жылжымайтын мүлікке, автокөлікке немесе кәсіпке иелік ететін, денсаулығына не қарыздарына байланысты елеулі қиындықтары жоқ отбасылар жатады.
  • B санаты – орташа табысты отбасылар. Олардың тұрақты жұмысы, баспанасы және күнделікті қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті табысы бар. Алайда айтарлықтай артық қаражаты немесе ірі жинағы болмауы мүмкін.
  • C санаты – табысы шектеулі отбасылар. Бұл санатқа кірісі төмендеу, несиелік міндеттемелері бар, жалдамалы баспанада немесе өзіне тиесілі жалғыз үйінде тұратын отбасылар кіреді.
  • D санаты – кедейлік шегіндегі отбасылар. Мұндай отбасылардың табысы төмен, еңбекке қабілетті кейбір мүшелері жұмыссыз болуы мүмкін. Сондай-ақ мерзімі өткен несиелері немесе тұрғын үй жағдайына қатысты қиындықтары кездеседі.
  • E санаты – аса ауыр әлеуметтік жағдайдағы отбасылар. Бұл топқа тұрақты табысы мен жеке баспанасы жоқ, ауыр сырқат, мүгедектік немесе қарыз мәселелері салдарынан қиын жағдайға тап болған отбасылар жатқызылады.

Әлеуметтік санат қалай анықталады?

Отбасының қай топқа жататынын анықтау үшін бірнеше көрсеткіш есепке алынады.

Олардың қатарында отбасының жалпы табысы, несиелері мен берешегі, автокөлігі, кәсіпкерлік қызметі, тұрғын үйінің көлемі, бала саны және басқа да әлеуметтік-экономикалық мәліметтер бар.

Әр көрсеткіш бойынша арнайы балл есептеледі. Отбасының жағдайына қарай ұпай қосылады немесе шегеріледі. Нәтижесінде жиналған жалпы балл оның әлеуметтік әл-ауқат деңгейін көрсетеді.

Мәселен, қолданыстағы әдістеме бойынша А санатына жату үшін 1800 және одан жоғары балл қажет. Ал Е санатының көрсеткіші минус 459 балл деңгейінде көрсетілген.

Осылайша, 2027 жылдан бастап жерлеуге арналған мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде азаматтың жерлеу шығынын көтергені ғана емес, оның отбасының материалдық жағдайы да ескерілмек.

Дегенмен жаңа жүйе бойынша қай санаттағы азаматтардың жәрдемақы алатыны және төлем мөлшері қалай сараланатыны әзірге толық нақтыланбаған. Бұл талаптар тиісті тетік бекітілгеннен кейін белгілі болады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, төлеу, уақытша тоқтату және қайта жалғастыру тәртібі нақтыланғаны хабарланған еді. Енді әлеуметтік төлемдердің бірқатар түрін тағайындау кезінде азаматтардың материалдық жағдайы мен отбасының әлеуметтік әл-ауқаты ескеріледі. Сонымен қатар жәрдемақы алушылардың банк шоттары, несие міндеттемелері және басқа да деректері тексерілуі мүмкі