Цифрлық таңбалау – ЕАЭО елдерінің ортақ саясатының бір бөлігі, оның негізгі мақсаты – тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз ету.
ERNUR.KZ. 2026 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Процестің мән жайы туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Бірыңғай таңбалау операторы жобасының жетекшісі Ерлан Қарабаев айтып берді.
Спикердің хабарлауынша, цифрлық таңбалау – ЕАЭО елдерінің ортақ саясатының бір бөлігі, оның негізгі мақсаты – тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз ету. Жүйе аясында әрбір тауар бірлігіне бірегей цифрлық Data Matrix коды қойылады. Өндірістен немесе елге әкелуден бастап соңғы тұтынушыға сатуға дейінгі айналымның әр кезеңінде жүйе тауардың орналасқан жерін тіркеп отырады.
Нарық қатысушылары міндетті таңбалау жүйесін пилоттық жобалар аясында сынақтан өткізіп үлгерді. Осыдан кейін қоғамдық талқылаулар өтті, сондай-ақ реттеушілік әсерге талдау жүргізілді. Нәтижесінде жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу туралы шешім қабылданды.
Бірінші кезең 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталып, СЭҚ ТН -ның 10 кодын қамтиды. Екінші кезең 2027 жылғы 1 наурызда басталады (10 код), ал қорытынды, үшінші кезең 2027 жылғы 1 қазанға жоспарланған (11 код).
Ерлан Қарабаевтың айтуынша, мұндай тәсіл нарық қатысушыларына жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ол жеңіл өнеркәсіп тауарларын цифрлық таңбалау барлық нарық қатысушысыы үшін артықшылық беретін құрал екенін атап өтті. Бизнес тең жағдайларға ие болады, отандық өндірушілер импорттаушылармен адал бәсекелесе алады және жанында төмен бағамен контрафакт өнімнің сатылуынан қауіптенбейді. Бұдан бөлек, таңбалау ЕАЭО елдері арасындағы трансшекаралық сауданы жеңілдетеді және кәсіпкерлерге нарықтың ашық аналитикасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекет өз кезегінде толық көрініс алады және бұзушылықтар анықталған жағдайда жеткізу тізбегін қадағалай алады.
Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін Бірыңғай таңбалау операторы «Нақты Өнім» тегін мобильді қосымшасын әзірледі. Оның көмегімен кез келген сатып алушы дүкенде кодты сканерлеп, тауар туралы толық ақпаратты бірден ала алады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда пайдаланушы өтінішті тікелей қосымша арқылы қалдыра алады, ол реттеуші орган тарапынан қаралады.
«Осылайша, таңбалау тек бақылау құралы ғана емес, әрбір тұтынушының құқықтарын қорғаудың нақты механизмі болып табылады», – деп қорытындылады спикер.


