Қайрат Қамбаровтың айтуынша, министрлік жобаларды гранттан кейін де сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, конкурс жеңімпаздарымен тұрақты байланыста болады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды. Бұл грант жас азаматтарға өз идеяларын мемлекет қолдауымен жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров мәлімдеді.
2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен аталған грант жыл сайын 6 бағыт бойынша табысталады: «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» және «Волонтерлік». Әрбір жеңімпаз өз жобасын жүзеге асыру үшін 3 млн теңге алады.
«Конкурстың негізгі мақсаты – практикалық маңызы бар әрі әрі қарай дамыту әлеуеті жоғары жобаларды ұсынуға және іске асыруға дайын талантты, бастамашыл жастарды анықтау және қолдау. Осы уақыт ішінде грант өзінің тиімділігін дәлелдеді: ғылым мен цифрлық технологиялардан бастап мәдениет пен қоғамдық бастамаларға дейінгі түрлі салаларда жас азаматтардың 153 жобасына қолдау көрсетілді», – деді Қайрат Қамбаров.
Сондай-ақ спикер қатысушылар жүзеге асырған жобалар туралы айтып өтті. Мысалы, IT саласындағы «Vbox» жобасы – толық автоматтандырылған микромаркеттер желісі. Бүгінде Астанада 17 орын жұмыс істейді, олар 1200-ден астам пайдаланушыға қызмет көрсетеді. Жобаның әлеуметтік маңызы ерекше: әлеуметтік цех ашылып, онда осал санаттағы азаматтар жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда 50-ден астам адам жұмысқа орналасып, бейімделуден өтті. Сонымен қатар жоба қаржылық тұрғыдан тұрақты және ауқымын кеңейту әлеуетіне ие.
«Тағы бір мысал – qMed жобасы, бұл цифрлық медициналық платформа. Шешім 10-нан астам медициналық ұйымда енгізіліп, шамамен 7 мың пациентті қамтыды. Платформа денсаулық жағдайын қашықтан бақылауға мүмкіндік беріп, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігін арттырады. Қазіргі таңда жоба Денсаулық сақтау министрлігімен әріптестік деңгейіне шығып, ауқымын кеңейтуге дайын. Медиа және білім беру саласында «ASpan» жобасын атап өткен жөн – бұл балалар мен жасөспірімдерге арналған білім беру мобильді қосымшасы. Қосымшаны 1000-нан астам пайдаланушы қолданады, ал жобаның жалпы қамтуы 300 мың адамнан асты. Ол негізгі дағдыларды дамытуға ықпал етіп, білім алуды қолжетімді әрі қызықты етеді», – деп атап өтті комитет төрағасы.
Сондай-ақ ол қолдау тек қаржыландырумен шектелмейтінін қоса айтты. Қайрат Қамбаровтың айтуынша, министрлік жобаларды гранттан кейін де сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, конкурс жеңімпаздарымен тұрақты байланыста болады. Ведомство бастамалардың дамуын жүйелі түрде қадағалап, консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді, сондай-ақ олардың әрі қарай ілгерілеуіне ықпал етеді.


