Қазақстанда тарату процесінде 9 банк бар – Мәдина Әбілқасымова

0
98

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова елдегі банк жүйесінің қазіргі жағдайына түсінік берді.


Қазақстанда тарату процесінде 9 банк бар – Мәдина Әбілқасымова

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Агенттік төрағасы бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

– Өтімді капитал жеткілікті және банктердің банкроттығы қаупі жоқ. Қазіргі уақытта бүкіл қадағалау жүйесі банк жүйесіне төнетін ықтимал тәуекелдердің алдын алуға бағытталған. Осы мақсатта жыл сайын активтер сапасын бағалаймыз, банктердің несие портфельдерін талдаймыз. Екіншіден, банктердің стресстік жағдайларда тұрақтылығын талдау үшін қадағалау тестілеуін жүргіземіз. Сонымен қатар, банктің бизнес моделін, корпоративтік басқаруы және басқа да тәуекелдері бағаланады. Осы бағалау негізінде жыл сайын банктердің банкроттығына жол бермес үшін тиісті шаралар қабылданады, – деп мәлімдеді М. Әбілқасымова.

Агенттік басшысы банкроттық кезеңіндегі банктерге мемлекеттік қолдау берілмейтінін айтты.

– Бұрыннан банкрот болған банктерге мемлекеттік қолдау көрсетілмейді, яғни оған тыйым салынған. Мұндай банктер таратылады. Қазіргі уақытта тарату процесінде 9 банк бар. Олардың лицензиялары 2007 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта қайтарып алынды, – деді ол.

Осыған дейін мемлекеттік қолдау тек қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге қауқарлы банктерге көрсетілген.

– 2017 жылы қаржылық тұрақтылық бағдарламасын әзірледік, оның аясында 6 банкке жалпы сомасы 1,8 триллион теңге болатын мемлекеттік қолдау көрсетілді. Олардың үшеуі бұл қолдауды мерзімінен бұрын толық өтеп, жалпы сомасы 738 миллиард теңгені қайтарды. Қалған үш банк те бұл мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын өтеуді жоспарлап отыр, – деді агенттік басшысы.