Бұл жаңалықты жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның адвокаты Мұхаммад Алиосман әлеуметтік желіде хабарлады.
Фото: ulysmedia.kz/коллаж
ERNUR.KZ. Актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қорғау тарапының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады, деп жазады inbusiness.kz.
Заңгер Мұхаммад Алиосманның айтуынша, бүгін апелляциялық сот Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтап, шешім қабылдаған.
"Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырып, қорғау тарапының апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Сабыралиева Фаризаның мүддесін қорғаушы адвокат ретінде қабылданған сот шешімін заңды, әділ әрі негізді деп есептеймін", – деп жазды Мұхаммад Алиосман.
Осылайша, Нұрсұлтан Жақсыгенге тағайындалған 2 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасы өзгерген жоқ. Оған 5 жылға блогерлік және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысуға тыйым салынған.
Еске салайық, Нұрсұлтан Жақсыген мен Фариза Сабырәлиева заңды некеде тұрған. Олардың екі ортақ баласы бар. Ерлі-зайыпты 2024 жылдың сәуірінде бірге тұруды тоқтатқан. Кейін Фариза бұрынғы серігінің әлеуметтік желіде өзі туралы жалған ақпарат таратып, ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіргенін айтып, құқық қорғау органдарына шағымданған.
2026 жылғы 16 қыркүйекте Алматы облысының Қарасай аудандық соты Жақсыгенді Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға соттады. Үкім оқылған соң айыпталушы сот залында тұтқындалды.
Сонымен қатар Фариза Сабырәлиеваның пайдасына 5 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Н.Жақсыген өзіне тағылған айыпты мойындамай, жазбаларды оның атынан өзге біреулердің жариялағанын айтып ақталған болатын.


