Алдын ала мәлімет бойынша, балықшылар мұз астына түсіп кетіп, суға батып кеткен.
фото: Sputnik / Тимур Батыршин
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында балық аулауға кеткен үш адам, оның ішінде бір әйел суға батып көз жұмды, деп жазады sputnik.kz.
17 қараша күні таңғы сағат 06:00 шамасында 1959 және 1963 жылы туған екі ер адам мен 1963 жылы туған әйел Бородиновка ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жердегі су айдынына балық аулауға кеткен. Алайда олар үйіне оралмаған.
Адамдардың жоғалғаны туралы хабар облыстық ТЖД-ге сол күні сағат 23:40-та түскен. Құтқарушылар дереу іздестіру жұмыстарын бастаған.
Іздестіру жұмыстары түнде жүргізілгендіктен, бірқатар қиындық туындаған. Құтқарушылар іздеу барысында ұшқышсыз ұшу аппаратын, тепловизоры бар дүрбіні, сүңгуір жабдықтарын және Starlink спутниктік байланыс жүйесін пайдаланған.
"18 қарашада сағат 01:18-де, хабар түскеннен кейін 1 сағат 38 минут өткен соң, құтқарушылар үш адамның денесін судан алып шықты. Олар жағадан 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдікте жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, балықшылар мұз астына түсіп кетіп, суға батып кеткен", – делінген ТЖД хабарламасында.
Қаза тапқандардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.


