Мемлекет басшысы өз Жолдауында су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалану, өндірісте цифрлық шешімдер мен озық технологияларды қолдану міндеттерін де белгіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың 28 қазанындағы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласын өркендету, заман аталбына сай технологияларды өндіріске енгізу және өндірістік әлеуетті арттыру бүгінгі күннің талабы екендігін айтты. Сәйкесінше, Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыру, отандық өндірістің көлемін ұлғайту және кәсіпкерлік саласына қолдау көрсету – бүгінгі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналып отыр. Оның ішінде шикізатты бірден шетел экспортына жөнелтпей, ел аумағында терең өңдеп, дайын өнім шығару ісіне басымдық беріліп келеді. Бұл үдеріс импортқа деген тәуелділікті азайту, экспорттың көлемін ұлғайту және жұмыссыздық мәселесін шешу бағыттарына оң әсерін тигізіп жатыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалану, өндірісте цифрлық шешімдер мен озық технологияларды қолдану міндеттерін де белгіледі. Тиісінше, бұл талаптар өңірлерде жаңа кәсіпорындар ашып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жобалардың маңызын арттыра түсетіні айқын.
Осы ойымыздың дәлелі ретінде 2026 жылдың 18 қарашасы күні Түркістан облысының Шардара ауданында іске қосылған «Қазкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауытын атап өтуге болады. Қазақстандағы ғана емес, тұтас Орталық Азиядағы ірі өндіріс орындарының бірі болып саналатын кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласында өндірілген шикізатты өңделген дайын өнімге айналдырып, отандық өңдеу өнеркәсібінің мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
Атап өтсек, жаңадан бой көтерген зауыттың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Жалпы құны 35 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобаға қажетті 31,5 миллиард теңге кәсіпорынның өз қаражатынан құйылса, қалған 3,5 миллиард теңгесін екінші деңгейлі банктер қаржыландырған. Нысанның құрылысы 2023 жылдың сәуір айында басталған және 2026 жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны құрылды.
Жаңа кәсіпорынның ел экономикасындағы орнына тоқталған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның астық өндіру мен экспорттаудағы әлеуетіне ерекше назар аударды. Министрдің сөзіне сүйенсек, соңғы үш жылда Қазақстанда жыл сайын 24 миллион тоннадан астам дәнді дақыл жиналған. Мұндай көлем ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, астықты ел ішінде терең өңдеу өндірісін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

«Біздің міндетіміз – астықты шикізат ретінде экспорттаумен шектеліп қана қоймай, қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамыту. Бүгінде Қазақстанда жалпы қуаттылығы жылына 510 мың тонна астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Жамбыл облысында қуаттылығы жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдейтін Fufeng Group кешенінің бірінші кезегі іске қосылды. Бұдан басқа, төрт ірі инвестициялық жоба пысықталуда және іске асырылуда – екеуі Ақмола облысында және бірі Қостанай, бірі Астанада. Жаңа өндірістік қуаттар ел ішінде астық шикізатын жылына 5,8 млн тоннаға дейін терең өңдеуді қамтамасыз етеді. Бұл қосылған құны жоғары өнім шығаруды кеңейтуге және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин өз сөзінде.
Министр келтірген мәліметтер елдегі астықты терең өңдеу саласының біртіндеп дамып келе жатқанын аңғартады. Қазіргі қолданыстағы үш кәсіпорынның жылдық қуаты 510 мың тонна болса, жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуымен бұл көрсеткіш едәуір артта түспек. Жамбыл облысындағы Fufeng Group кешені және өзге де жобалармен қатар, Шардарадағы «Қазкрахмал» зауыты осы өндірістік бағыттың дамуына үлес қосады деп көзделіп отыр.
Айта кету керек, жүгеріні терең өңдеу арқылы алынатын крахмал, глюкоза, мальтодекстрин, сироптар мен басқа да өнімдер тамақ өнеркәсібінде, фармацевтикада және өзге де өндіріс салаларында кеңінен қолданылады. Демек бұған дейін сырттан жеткізілген кейбір өнімдер отандық кәсіпорындарда өндіріліп, ішкі нарықтағы жергілікті өнім үлесі артатын болады. Сонымен қатар жүгері өсіретін шаруашылықтар үшін тұрақты өткізу нарығы қалыптасып, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікке де серпін сыйлайды.
Жаңа зауыт жылына 150 мың тонна жүгері шикізатын өңдеуге қауқарлы. Өндіріс орны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жүгеріні өңдеу тереңдігі 98 пайызға жетеді деп жоспарланған. Технологиялық желілердің 80 пайызы автоматтандырылған. Бұл өндіріс барысын бақылауға, өнім сапасын тұрақтандыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді екен. Кәсіпорында қалдықсыз өңдеу тәсіліне де басымдық берілген.

Облыс әкімдігінің мәлімдемесіне сүйенсек, өндірістің алғашқы кезеңінде модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және басқа да өнім түрлері шығарылады. Жылдық жоспар бойынша 150 мың тонна шикізаттан 94,5 мың тонна крахмал, 7,5 мың тонна глютен, 36 мың тонна жүгері сечкасы және 12 мың тонна жүгері ұрығын алу жоспарланған. Одан бөлек крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза сиропы, жүгері майы, кебек пен түйіршіктелген құрамажем өндірілетін болады. Жобалық өндіріс сипаттамасында 26 түрлі өнім шығару мүмкіндігі көрсетілсе, ассортиментті кеңейту жөніндегі қосымша жоспарда оның 28 атауға дейін жеткізілетіні айтылған. Олардың қатарында мальтодекстрин, меласса және түрлі сироптар бар. Өндіріс барысында тек генетикалық түрлендірілмеген жүгері қолданылады.
Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықтың сұранысын өтеумен қатар, Азия және Еуропа елдеріне экспорттауға бағытталады. Алдағы уақытта өндірістік қуаттылықты жылына 300 мың тоннаға дейін арттыру және әлемнің 100-ден астам серіктесімен жұмыс істеу жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорынның өңірлік деңгейдегі өндіріс орнынан халықаралық нарыққа шығатын ірі экспорттаушыға айналу мүмкіндігін арттырады.
Жаңа зауыттың ашылуының тағы бір маңызды тұсы – оның ауыл шаруашылығы саласымен тікелей байланысында. Яғни, зауыттың тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін тұрақты әрі сапалы шикізат қажет. Осыған байланысты Түркістан өңірінде жүгері егілетін алқаптарды кезең-кезеңімен ұлғайту, жаңа жерлерді игеру және тамшылатып суару технологияларын енгізу жұмыстары қолға алынған. Әсіресе Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында жүгері өсіруге басымдық беріліп жатыр.

Бұл процесте су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де өзекті. Өңірдің климаттық ерекшелігі мен су қорының шектеулі екенін ескерсек, су үнемдеу технологияларын енгізу – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін өте маңызды міндет.
Түркістан облысы, Шардара ауданында ашылған «Қазкрахмал» зауыты – ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларын сабақтастыратын, инвестиция тарту арқылы отандық өндірісті дамытуға болатынын дәлелдейтін тиімділігі жан-жақты жоба. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыруда осындай өндіріс орындарының маңызы айрықша. Өйткені отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі өндірілген шикізат көлемімен емес, шикізатты өңдеуден алынатын даын өнімге де тікелей байланысты.
Б.Мейірханұлы,


