Қазақстанда қайтарылмайтын ұшақ билетіне тыйым салу ұсынылды

0
76

Қайтарылмайтын әуе билеттері қоғам наразылығын тудырып отыр.


Қазақстанда қайтарылмайтын ұшақ билетіне тыйым салу ұсынылды

ERNUR.KZ. Бұл туралы «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КеАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Ғалым Байтоқ Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қайтарылмайтын билеттер мәселесінде мемлекеттік органдардың ұстанымы мен қоғамның талабы бір-біріне сай келмейді. Мұндай билеттер барлық тәуекелді жолаушының мойнына артып, тіпті өмірлік маңызы бар, дәлелді жағдайларда да қаражатты қайтару мүмкіндігін бермейді.

Авиация – бұл қаржылық құрал емес, әлеуметтік маңызы бар көлік түрі. Сондықтан мемлекет келісімшарттағы әлсіз тарап – азаматтың мүддесін қорғауға міндетті, – деді Ғалым Байтоқ.

Осыған байланысты ол нақты ұсыныс білдірді. Қоғамдық палата өкілінің пікірінше, ішкі әуе рейстерінде қайтарылмайтын билеттерге тыйым салу немесе оларды қаражатты кепілді түрде қайтару не ұшу күнін тегін өзгерту тетіктерімен алмастыру қажет.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым авиациялық қызмет саласында қордаланған проблемаларды тікелей министрліктердің, мемлекеттік органдардың және авиакомпаниялардың қатысуымен жан-жақты қарау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бұл – қоғам үшін өте өзекті тақырып.